Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БАҚ өкілдері білім мен өндірісті тоғыстырған заманауи орталық – Astana Polytechnic жоғары колледжімен танысып қайтты

Колледж

Astana Polytechnic жоғары колледжі – еңбек нарығына кәсіби мамандарды үздіксіз даярлап отырған еліміздегі жетекші оқу орындарының бірі. "Жұмысшы мамандықтар жылы" аясында БАҚ өкілдеріне оқу орнының тыныс-тіршілігімен етене танысудың сәті түсті.

Бұл оқу орны IT, мехатроника, киберқауіпсіздік, телекоммуникация және құрылыс технологиялары бағытында жаңа буын мамандары даярлайды. Отыз жылдық тарихы бар оқу орнында 11 мамандық бойынша 2 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Барлық студент мемлкеттік тапсырыс негізінде тегін оқиды. 

Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Дина Рахымжанова Astana Polytechnic жоғары колледжінде білім алғысы келетін талапкерлер саны жылдан-жылға артып келе жатқанын айтты.

"Биыл 9-сыныптан кейін 11 мамандық бойынша, ал 11-сыныптан кейін "Мехатроника" мамандығы бойынша колледжге қабылдап жатырмыз. Талапкерлер аттестат бағасы бойынша қабылданады, тек "Дизайн" мамандығына сурет және кескіндеме бойынша шығармашылық емтихан тапсырады. Жылдан-жылға біздің колледжді таңдайтын талапкерлер саны артып келеді. Барлық мамандық 2 жыл 10 ай оқытылады. Кей мамандықтар дуалды оқыту жүйесімен, ал кейбірі модульді оқыту бағдарламасы негізінде білім беріледі. Студенттер теорияны меңгерген соң, өндіріс орталықтарына жіберіледі. Оларды өзіміз бағыттап, өзіміз жібереміз, тәжірбие барысында қадағалап, тексеріп отырамыз. Тәжірбие біткен соң студенттер есеп өткізеді, біліктілік емтиханын тапсырады. Емтиханды кәсіпорындардан келген мамандар қабылдайды. Емтиханды сәтті тапсырған балаларға біліктілікті растайтын куәлік беріледі. Осылайша балалар бір ғана диплом алып шықпайды, оқу барысында бір мамандықты игергені туралы куәлікті қоса алып шығады", – дейді ол.

Колледждің үздік оқитын студенттері 45 мың көлемінде шәкіртақы алады. Ал өңірлерден келетін балаларға жылына екі рет 2 АЕК (7864 теңге) есебінде жол жүру ақысы төленеді. Студенттердің барлығы дерлік жатақханамен қамтылған. Сондай-ақ, колледж басшылығының мәлімдеуінше, оқу орнының материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңартылып отырады.

КолледжКолледж студенттерінің бірі Нұрлыбек Рустамбек "Автөлікке техникалық қызмет көрсету" мамандығында оқиды. Нұрлыбек бұл мамандыққа сұраныс жоғары екенін айтады. Өзі дуалды оқыту жүйесі негізінде Hyundai Premium Astana орталығында тәжірбие жинақтапты.

"Astana Polytechnic жоғары колледжінде "Автөлікке техинкалық қызмет көрсету" мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Бұл мамандықта оқитын студенттер көлік жөндеуді, көліктерге техникалық қызмет көрсетуді меңгеріп шығады. Бұл мамандық бойынша нарықта сұраныс өте жоғары. Себебі қазір көлік құралдары көбейіп, жаңа модельдер шығып жатыр. Болашақта сол көліктерді жөндейтін механик сияқты мамандар көптеп қажет болады. Оқуды бітірген соң шетелде білім жетілдіруді жоспарлап отырмын, шетелдің тәжірбиесін Қазақстанға әкелсем деген ниетім бар", – дейді ол. 

"Техникалық қызмет көрсету және байланыс" бөлімінің меңгерушісі Гүлсая Асқарова колледж студенттері елордадағы ірі орталықтарда тәжірибе жинақтайтынын атап өтті.

"Менің бөлімімде студенттер "Радиотехника, электроника, телекоммуникация" мамандығы бойыншы, "Автомобиль көліктеріне техникалық қызмет көрсету" және "Мехатроника" мамандығы бойынша білім алады. Жалпы бөлімде 500-ге жуық студент оқиды, оның барлығы дуалды оқытумен қамтылған. Бірінші курста жалпы білім беретін пәндерді оқытамыз, екінші курстан бастап арнайы пәндер оқытылады. Сол арнайы пәндердің 40 пайызын колледжде оқытамыз да, қалған білімді кәсіпорындарда тәжірбиеден өту кезінде алып шығады. Бұл дуалды оқыту деп аталады. Студенттерміз "AUTOLAND" автосервистер желісі, "Aster AUTO ASTANA" ЖШС, "MEGA Motors Astana" ЖШС, "№1 автобус паркі" АҚ, "Hyundai Premium Astana" және т.б. кәсіпорындарда тәжірбие жинақтайды, яғни автомобиль көлігіне қызмет көрсететін кәсіпорындардың барлығымен серіктес ретінде жұмыс істейміз", – дейді Гүлсая Асқарова.

Биыл "Мехатроника" мамандығына 9-сыныпты бітірген талапкерлер де қабылдана бастаған. Бұл мамандықты бітірген мамандар кез келген өндіріс орталығында, ірі зауыттарда жұмыс істей алады. 

Айта кетерлігі, колледж базасында CISCO, RedHat Academy, Festo, "КНАУФ", "ТехноНИКОЛЬ", Bosch Thermotechnik, ALINA, GROHE компанияларымен кәсіби сертификаттау орталығы және 1С сертификатталған оқыту орталығы сияқты заманауи зертханалар, ресурстық және оқу орталықтары бар. Құзыреттілік орталықтары жоғары технологиялық "ақылды" жабдықтармен және брендтердің соңғы топтамаларымен жабдықталған. Бұл орталықтарда студенттер арнайы курстарды аяқтап емтихан тапсырады. Емтиханды сәтті тапсырған студенттер халықаралық дәрежедегі сертификатқа ие болады. Мәселен, "КНАУФ", GROHE компаниялары өзіне қажет мамандарды колледж оқытушыларымен бірлесіп даярлап алады.

"Оқу бағдарламасының мазмұнын әлеуметтік серіктестермен бірлесе отырып жасап, бекітеміз. Әлеуметтік серіктестердің қазіргі таңдағы сұранысы өте маңызды. Әлеуметтік серіктестер өз талаптарын қою арқылы студенттердің бойында өздеріне қажет машықтарды қалыптастырып, өздеріне қажет мамандарды даярлап ала алады. Бұған қоса екі жыл қатарынан нысандық оқыту бағдарламасын іске асырдық, яғни әлеуметтік серіктестер қанша маман керек екенін айтады, соның негізінде біз білім басқармасына сұраныс жіберіп, нысандық оқытуды іске асырдық. Бұл – балалардың жүз пайыз жұмыспен қамтылатынына кепілдік", – дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Досман Сәния.

Бұған қоса оқытушылар мен студенттерге шетелде тәжірбие жинақтауға да мол мүмкіндік жасалған. Колледже 5 халықаралық сарапшы жұмыс істейді. Олар студенттерді халықаралық сайыстарға даярлайды. Astana Polytechnic жоғары колледжі студенттері дүниежүзі бойынша халықаралық сайыстар өткізу арқылы жұмысшы мамандықтар мәртебесін көтеруді мақсат тұтқан WorldSkills қозғалысының белсенді қатысушысы саналады. 

КолледжКолледждің "Мехатроника" және "Веб-технологиялар" құзыреттіліктері бойынша қалалық және республикалық кезеңдерде алтын медаль жеңіп алған студенттері Данил Турапин мен Мұхамеджан Ағыбай 2025 жылдың қыркүйек айынды Дания мемлекетінде өтетін халықаралық EUROSkills чемпионатында еліміздің намысын қорғамақ.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 18 Тамыз, 2025 17:31
Талқылау