Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әскерилер оқ атуға мәжбүр болды": Алапат жер сілкінісінен бері 11 күн өткен Түркияда не болып жатыр

Соңғы мәліметтер бойынша Түркияда болған жойқын жер сілкінісі 35 мың адамның өмірін қиды. Апат болған қалаларда құтқару жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Алайда жер сілкінісінен кейін 48 сағат өткен соң адамдарды табу мүмкіндігі аз екенін ескерсек, үйінді астынан оларды аман алып шығу – нағыз ғажайып. Жер сілкінісі болған уақытта оқиғаның эпицентрінде болған қазақстандық Қуат Ахметов Stan.kz тілшісіне қалада қазір не болып жатқанын, халықтың көңіл-күйі мен елдегі жалпы жағдайды баяндап берді.

Куат Ахметов туркия

Қуат Ахметов - Қазақстанда қазақ тілінің мәртебесі үшін күрескен "Til Maydani онлайн партиясы" Youtube арнасының авторы, қоғам белсендісі. Саяси көзқарастары үшін істі болған азамат елден кетіп, біраз уақыттан бері Түркияда тұрып келеді. 

Ол алғаш жер сілкінген уақытта Адана қаласында болған. Еске салып өтейік, дүйсенбі, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында екі жер сілкінісі болады: жергілікті уақыт бойынша 04.17-де – 7,7 балл және 13.24-те – 7,6 балл болып қайталанады. Ахметовтің дерегінше, Аданада түскі уақытта болған жер сілкінуінен 16 тұрғын үйқұлап, 300-дей адам қаза тапқан. 

Ахметов жер сілкінген уақытта ояу болғанын айтады. Оның пәтері 12 қабатты үйдің 6-қабатында орналасыпты. Ол аяқ асты болған апаттан жан сақтауға тырысып, сыртқа ағылған халықпен ілесіп көшеге шығады. Қалада тұратын 3 млн халықтың басым көпшілігі жақын елді мекендерге көшіп кетеді. Ахметов те қалада бір күн жүріп, Хатай қаласында болған апатты естіп, бірден сол қалаға аттанады.

"Бір ай бомбалаған қала секілді"

Ахметов қалаға алғаш келген сәтін осылай сипаттайды. Сөзінше, қалада бірде бір сау ғимарат қалмаған.

Хатай - Түркияда болған жер сілкінісінен ең үлкен зардап шеккен қала. Қалада үйінділерді тазарту мен қабырғалардың астында қалған адамдарды құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Жақында Қахраманмараш қаласында жер сілкінісінен 226 сағат өткен соң үйінді астынан 74 жастағы әйел мен екі қыздың құтқарылғаны туралы ақпарат тараған.

Ахметовтің айтуынша, Хатайда алғашқы эвакуация басталған уақытта үлкен хаос болған. Әскерилер сай жерде тұрған адамдарға биік жерге шығуға бұйырады, сол сәтте жаяу жүгірген адамдар мен көлікке мінгендер араласып, бір-бірін таптай бастаған. 

"Дүрбелеңді тоқтату үшін әскерилер аспанға оқ атуға мәжбүр болды", –  дейді ол.



Қалаға келген ол өзге азаматтармен бірігіп құтқару жұмыстарына көмектесе бастайды. Алғашқы күндері далаға от жағып, сыртта түнеген оған кейіннен түрік азаматы келіп, өзіне жеке палатка береді.

"Мені "қазақ досым" деп өзіне жақын тартып, керек-жарағымды қалтама салып, жеке палаткаға орналастырды. Кейін осы жерге жанымда жүрген басқа адамдарды алып келдім", – дейді Ахметов.

Жергілікті түріктердің өзі жер сілкінісінен кейін көмек қолын созуға асығып, Хатай қаласына ағылған. Ахметов қалаға кіреберісте көлік кезегінің 40 шақырымға созылғанын еске алады. Кейбір азаматтар құтқару жұмыстарына көмектесіп жүрген еріктілерді аралап, ақша таратқан. Қазақстандық олардың өзіне де келіп, ақша бергісі келгенін айтады, бірақ ол қазақ-түрік халқының бауыр екенін алға тартып, бас тартқан.

"Қалада арнайы табыт салынған көліктер жүреді"

Үйіндінің астында қалған адамдардың әлі де көп екенін айтқан қазақстандық қалада жүрген уақытында бес адамды алып шыққан. Бірақ, өкінішке орай оларды өлі күйінде тапқан.

Ол құтқару жұмыстарының қалай жүргізілетінін қысқаша айтып өтті.

"Кейде экскаватор қазып жатқан кезде жерден сасық иіс мүңк етеді. Көлік жұмысын бірден тоқтатып, біз сол жерді дереу қазуға кірісеміз. Қайтыс болған адамның жанында тірі адам болады деген үмітпен тезірек қопара бастаймыз. Алайда төсекте жатып қаза тапқан адамдарды таптық", – дейді ол.

Қалада құтқарушылардан басқа халықтың барлығын эвакуациялаған. Жапа шеккен аумақта тек жақындары үйіндінің астында қалған адамдар қалыпты. Ахметов анасы үйіндінің астында қалып қойған жігіттің оқиғасын айтып берді. Айтуынша, ол анасын аман алып қалу үшін қатты тырысқан, бірақ әйелді алып шыққан кезде оның жан тәсілім еткенін біледі. Мұндай оқиғалардың көп екенін атап өткен ол қалада өлген адамдардың денелерін салатын көліктердің жүретінін жеткізді.

"Бір көлікке алты табыт салынады. Кейбір туған-туыстары анықталмаған адамдарды ортақ бейітке апарып жерлейді. Әсіресе тірі деп үміттенген адамыңды өлі күйінде табу ең қиыны. Жұбатарға да сөз таппайсың", - дейді қазақстандық.



Ахметов құтқару жұмыстары кезінде ақша мен бағалы заттардың да көп табылатынын айтады. Ондай заттарды әскерилердің бақылауымен туыстарына тапсырады екен. Жақында құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқан қалаларда мародерлардың пайда болғаны туралы ақпарат шыққан. Бұл ақпараттың рас екенін айтқан қазақстандық кейбір жерлерде олардың топ-тобымен жүріп, тонаушылық әрекеттер жасайтынын айтады.

Мародерлердің басым көпшілігі сириялықтар екен. Кейбір Сириямен шекаралас аумақтарда ғимараттарды шағып, ішін тонаған оқиғалар болған көрінеді.

Ол түрік билігінің елдегі жағдайды тұрақтандыру үшін барлығын тегін қылғанын айтады. Тіпті елдің ішіндегі бағыттар бойынша билет бағаларын 100 лираға (2 мың теңге шамасында) дейін түсірген.

 "Халық шаршаған, бірақ мойымайды"

Оқиғаның қақ ортасында болып барлығын басынан өткерген қазақстандық мұндай ауыр сынақтың болуы түрік халқының береке мен бірлігін нығайта түскенін байқаған. 

Ол халықтың басым көпшілігі болған апатқа табиғи зілзала ретінде қарайтынын айтады. Алайда арасында билікке сынын айтып, наразылығын білдіретіндер де бар екен.

"Халықтың арасында түрлі пікірлер айтылады. Отбасынан түгел айырылған адамдарды, әйелі мен перзентін өз қолымен жер қойнына тапсырған азаматты да көрдік. Сол азаматтың жұмыс істеп жүрген еріктілердің жанына келіп, шын алғыс айтып жатқанына куә болдық. Бұл адамның рухының мықтылығын көрсетеді", –  дейді Ахметов.

Жақында Түркияда жер сілкінісінен қираған ғимараттардан табылған ақауларға байланысты 8 адам, соның ішінде құрылыс мердігерлері қамауға алынғаны белгілі болған. Ұсталғандарға ақауы бар ғимараттар тұрғызды, сонымен қатар бағандарды кесті деген айып тағылған. Сонымен қоса Стамбул әуежайының полицейлері жер сілкінісі кезінде толығымен қираған Хатай провинциясындағы тұрғын үй кешенінің бас сәулетшісін ұстаған.

Халықтың шаршағанын көріп, бірақ мойымайтынына көзі жеткен қазақстандық түрік еліндегі азаматтық қоғамның дамығанына таңданысын жасырмайды.

Еске салайық, дүйсенбі, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында екі жер сілкінісі болды: жергілікті уақыт бойынша 04.17-де – 7,7 балл және 13.24-те – 7,6 балл. Қайтыс болғандар саны 35 мыңнан асты.

Президент Режеп Тайып Ердоған табиғи апат құрбандарына байланысты Түркияда жеті күндік ұлттық аза тұту жариялады. Түркияның мемлекеттік тулары бүкіл елде төмен түсірілді.

Жойқын жер сілкінісі көршілес елдерде, соның ішінде Сирия, Ливан, Грек Кипр және Иракта да сезілді. Соңғы мәліметтер бойынша, Сирияның Идлиб, Алеппо, Хама, Латакия және Ракка провинцияларында 3500-ден астам адам қаза тапты.

Ақберен Амангелді
Жұма, 17 Ақпан, 2023 14:54