Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанай облысында әкімдік қараусыз қалған ғимаратты 1,5 миллионға сатып, 110 миллион теңгеге қайта сатып алған

Қостанай облысы Арқалық қаласында қараусыз қалған ғимаратты әкімдік 2017 жылы 1,5 миллионға сатып жіберіп, биылғы жылы қайтадан 110 миллионға сатып алған. Аталған ақпарат туралы журналист Асхат Ниязов "Обожаю" Telegram-арнасында жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.   

Фото: pixabay

"Әкімдік бизнесі. Арқалық қаласында ешкімге қажетсіз қараусыз қалған ғимарат тұрған. Ол әкімдікке тиесілі еді. 2017 жылы әкімдік оны 1,5 млн теңгеге сатып, биыл қайтадан 110 млн теңгеге сатып алады! Ненің иісі аңғып тұрғанын сезіп тұрсыз ба? Осы жылдар ішінде ғимарат мүлде өзгермеген, қалпына да келтірілмеді, жөнделмеді. Жалпы айтсақ, жағдайы одан сайын нашарлай түскен. Бұл жағдайға әкімдік түсініктеме берсін", – деп жазды журналист телеграм арнасында. 

Осы жағдайға қатысты Stan.kz тілшісіне Арқалық әкімдігінен түсініктеме сұрады. Арқалық қаласы әкімінің аппарат басшысы Бауыржан Бралиннің айтуынша, нысан 2008 жылдың 25 қаңтарынан бастап иесіз нысан ретінде тіркелген.

“Арқалық қалалық сотының 2009 жылғы 19 маусымдағы шешімімен Арқалық қаласында Абай даңғылы, 37 мекенжайында орналасқан ғимарат коммуналдық меншік құқығы деп танылды. Сот шешімі шағымданбады және 2009 жылдың 4 шілдесінде заңды күшіне енді. "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ғимарат аукционға шығарылды. 2017 жылғы 10 қазанда бағаны төмендету әдісімен үшінші электрондық аукционның қорытындысы бойынша жеңімпаз анықталды. Осылайша "AUHAL" ЖШС  компаниясымен 2017 жылғы 12 қазанда 1 миллион 456 168 теңгеге сатып алу-сату шарты жасалды (объектінің болжалды құны 92 811 000 теңге). Бұл ғимаратты 2019 жылы жеке кәсіпкер С. Әбдіқадырұлы "AUHAL" ЖШС-нен 5,5 млн теңгеге сатып алса, 2020 жылы Шымкент қаласының кәсіпкерлері 100,0 млн теңгеге ғимаратты сатып алуды ұсынған", – деді әкімнің аппарат басшысы. 

Фото: “Обожаю” Telegram-арнасынан

Бауыржан Бралиннің айтуынша, алдағы уақытта сатып алынған ғимаратты институттың оқу ғимаратына қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленбек. 

“Институт ғимаратының жанында институт салуға жер телімі жоқ. Институттан 500 метр жерде бұрынғы ауыл шаруашылығы бөлімінің әкімшілік ғимараты бар, оны жоғары оқу орнының оқу ғимараты етіп қайта құруға болады. Ғимарат 6 қабатты, 1 кіреберіс, ауданы 6 698,5 ш.м. Ғимарат 1960 жылы салынған, С.Әбдіқадірұлына тиесілі. Ғимарат иесі оны 180,0 млн теңгеге сатуды ойластырып жүрген. Меншік иесімен азаматтық ұстанымды көрсету және ғимаратты қолайлы бағаға сату туралы барлық келіссөздер оң нәтижеге бермеді. Бұл жоба аумақтарды дамытудың кешенді жоспарына инвестициялық жоба ретінде енгізілгендіктен, нысан бір көзден 110,0 миллион теңгеге сатып алынды. Өйткені екі рет жарияланған ашық тендер қатысушылардың болмауына байланысты өтпей қалды", – деді Бралин. 

Фото: “Обожаю” Telegram-арнасынан

Оның айтуынша, қазіргі таңда жер учаскесі уақытша пайдалануда болғандықтан, учаскені тұрақты жер пайдалану құқығына беру туралы шешім қабылданып, Қаулы дайындалды. Оны Қостанай қаласының құрылыс бөлімінің балансына беру үшін жер актісін дайындау жұмыстары жүргізілуде. 

Талқылау