Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Арыстағы жарылыс: Адамдар жанұшыра қашып жатқанда сауда үйлері мен дүкендер тоналған

Арыстағы жарылыстан кейін эвакуациялау жұмыстарына әскерилер, жергілікті әкімшілік мамандары және полиция қызметкерлері жұмылған.

Арыстағы жарылыс: Адамдар жанұшыра қашып жатқанжа сауда үйлері мен дүкендер тоналған

Сондай-ақ жарылыстан кейін жұрт жапа-тармағай эвакуацияланып жатқанда қалада дүкендер тоналып, енді бір кәсіпкерлер бензин бағасын көтеріп жіберіпті. Оның барлығына оқиға куәгерлері түсірген бейнежазбалар дәлел. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Әлеуметтік желі мен мессенджерлер арқылы лезде таралған видеоларды көріп, жаның түршігеді. Қалада бейнебір соғыс басталып кеткендей. Шошынған халық баласын жетектеп, құжатын алып беті ауған жаққа босып барады. 

Қала тұрғындары тұрмақ әскери бөлімшедегі сарбаздардың өзі бас сауғалап қашып барады. Видеоға түсіріп жатқан жігіттің жол бойына шығып, сол жерде жүрген қарапайым халықты қолдан келгенше көліктерге отырғызып жатқаны байқалады.

Шымкент қаласына бара жолда кептеліс туындаған. Көшенің бойында балалы әйелдер мен ер азаматтар елді-мекеннен тезірек шығып кетуге асығуда. Ал қала халқы айтып келмеген апаттан жанұшара қашып жатқанда, иесіз қалған дүкендер мен сауда үйлері тоналып жатқаны туралы ақпараттар да тарауда. 

Ал кейбір пысықай кәсіпкерлер апаттан пайда жасауға тырысып әлек. Жұрттың сөзінше, қаланың шыға берсіндегі бензин құю бекеттері жанармайдың бағасын лезде көтеріп жіберген. 

Жергілікті басылымдардың мәліметінше, жарылыстан қашып шыққан тұрғындардың көбі бала-шағасын таба алмай қалған. Қазірдің өзінде ата-анасынан адасып қалған, балабақшадан, лагерьлерден әкелінген балалардың саны 200-ге жуықтапты.

Апаттан кейін оқиға орнына дереу қорғаныс министрі аттанып кеткен. Қазір өңірде арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр екен. Ал Қорғаныс министрінің орынбасарына тілшілер "қоймадағы ескі қару-жарақ жарылысқа себеп болды ма?" деп сұрағанда, ол республикада әлі күнге дейін кеңес заманынан қалған қару-жарақ бар екенін атап өтті.

"Әлі күнге дейін кеңес заманынан қалған қару-жарақ бар. Біз жарамдылық мерзімі өткен қару-жарақ пен оқ-дәрі түрлерін жойып отырамыз. Бұл өте қымбат тұратын процесс. Енді қару-жарақ, әскери техника бар жерде үнемі қауіп бар. Оның себебін анықтайтын боламыз", - деді Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Тимур Дәндібаев. 

Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы жарылысқа қатысты министрлер мен облыс әкіміне шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.

"Қорғаныс, Ішкі істер министрлеріне және Түркістан облысының әкіміне Арыс қаласы әскери бөліміндегі оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстың зардаптарын жою жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырдым. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жарылыстың себептерін анықтау қажет", - деді Тоқаев, 

Айта кетсем, 45 мыңға жуық халық тұратын Арыс қаласындағы бұл алғашқы төтенше оқиға емес. Он жыл бұрын әсери қоймада жарылыс болып, сақтаулы тұрған қару-жарақ атылған. Оқиға кезінде төрт адам қаза тауып, жиырмаға тарта адам жапа шеккен еді. Ал 2015 жылы қарашада қаладағы полигон аумағында жарылыс болып, бір адам мерт болды. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрілер мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған.

Талқылау