Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Той тойлау орынсыз": Астана күніне жұмсалатын ақшаны жарылыстан зиян шеккендерге беру ұсынылды

Қазақстандық кәсіпкер Марғұлан Сейсембай биыл елорда туған күнін атап өтпей, қаражатты Арыста болған жарылыстан зардап шеккендерге бағыттауды ұсынды. Елдегі сарапшылар мен қоғам белсенділері осы ұсынысқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.  

коллаж

"Жағдай оңай емес екені көрініп тұр. Менің бірнеше танысым Арысқа жол тартты. Бірақ бұл жерде еріктілер әзірге көмек көрсете алмайды деп ойлаймын. Ешкім ештеңе түсіндіре алмауда. У-шу, зобалаң, "бардак". Өз тарапымыздан, кімге және қалай көмек көрсету керек екені анық түсінікті болған соң, бірден қосылып, зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетеміз”, - деді Марғұлан Сейсембай. 

Әрі қарай Нұр-Сұлтан қаласының мерейтойын атап өтуге жұмсалатын қаражатты Арыстан зиян шеккендерге беруді ұсынды. Елде мұндай ауыр жағдай болып жатқанда той тойлаудың орынсыз екенін айтты. 

«Менің ойымша, осы жылы Астана күнін атап өтудің қажеті жоқ. Барлық қаражатты Арыс қаласының тұрғындарын көшіруге және көмекке аударған жөн. Көмекті барлығы көрсетуі керек. Елде мұндай "бардак" болып жатқанда, той тойлаудың орынсыз екенін түсінуіміз керек", - дейді ол. 

Әлеуметтік желі қолданушылары өз кезегінде бұл ұсынысты екі қолын көтере қолдайтынын жеткізді. 

"Марғұлан аға, өте орынды ұсыныс. Енді Нұр-Сұлтан қаласының бірінші атауымен болған тойды қоя тұру керек", "Сізбен келісемін", "Дұрыс. Халыққа көмек беруіміз керек. Астана күнін атап өтудің қажеті жоқ", "Арыс қаңырап жатқанда Астана қаласының тойын өткізу орынсыз. Халықтың жағдайын жасасын. Алда қыс келе жатыр" деп жазды желі қолданушылары. 

"Астана күнін атап өтпеу ықтималдылығы төмен"

Ал әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабек елорданың мерейтойын атап өтуге де және Арыстағы жарылыстан жапа шеккендерге де көмектесу үшін бюджетте қаражат қарастырылғанын айтты. Яғни ол "Астана күнін атап өтпеу ықтималдылығы төмен" дейді. 

"Бұл ұсыныстың қаншалықты жүзеге асуы мүмкін екенін анықтау үшін оны жақсылап талқылауымыз керек. Бірақ, меніңше, мемлекет қазынасында екі жағдайға да қаражат жеткілікті болуы керек. Сондай-ақ, меніңше, астана күнін атап өтпеу ықтималдығы төмен. Әрине, қандай да бір шығындарды қысқартып, оны Арыстан зиян шеккендерге бағыттауға болады. Алайда бұл міндетті емес.

Екіншіден, күні кеше президентіміз Тоқаев Арысқа үкімет тарапынан арнайы қаражат бөлінетінін және ол қаражаттың бар екенін айтты. Одан бөлек қазір қоғам белсенділері мен жекелеген азаматтардың әртүрлі жолмен көмектесіп жатқанын көріп отырмыз. Есепшоттар ашылып, қажетті заттар жіберілуде. Осының барлығын ескере отырып айтылған ұсыныстың қаншалықты жүзеге асатынын қарастыруымыз керек. Белгілі бір деңгейде "мінсіз" етіп жүзеге асыруға болады деп ойлаймын. Яғни жетеді емес, екеуіне де жеткізуіміз керек", - деді сарапшы. 

"7 миллион тұратын батутымды Арыстың балаларына сыйлаймын"

Продюсер Қыдырәлі Болманов өз кезегінде бұл ұсынысты қос қолдап қолдайтынын жеткізді. Тіпті, ертең Арысқа ұшып барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтуға бекініп отыр. 

"Екі қолыммен қолдаймын. Өйткені, дәл қазір мынандай жағдай болып жатқан кезде тойлаған біртүрлі сияқты. Оның үстіне тойланбай қалып жатқан жоқ, қанша жылдан бері атап өтіп келе жатырмыз. Сол себепті осындай сын сағаттарда бірлігімізді көрсеткеніміз жөн. Өзім де ертең, Алла қаласа, сол жаққа ұшып барғалы отырмын.

Халықпен жүздесіп, бірауыз жылы сөз айтудың орны бөлек. Сондай-ақ, бір кездері 7 млн теңгеге тапсырыс беріп жасатқан "Балбала" батутымыз бар еді. Соны Арыстағы балалаларға сыйламақпын. Егер әкімдікте біреу жауапкершілік алып жатса, қажет болғанда сол батутты табыстаймын. Алайда балалардың қашан елге қайтып келетіні әзірге белгісіз", - дейді ол.

Экономист Исатай Қамбар дәл осындай төтенше жағдайлар болған кезде үкімет тарапынан арнайы комиссия құрылып, тікелей тапсырма берілетінін айтады. Бұл тапсырмалар қаржымен де, сондай-ақ, ең қажетті заттармен қамтамасыз етумен байланысты. 

"Дәл осындай төтенше жағдайлар кезінде құрылған комиссия жөндеу жұмыстарының қалай жүргізілетінін, зиян шеккендерге резервті қанша мөлшерде жеткізу керектігін шешеді. Сондай-ақ, халықты кідіріссіз тамақпен қамтамасыз ету мәселесі де қаралады. Үкімет тарапынан осының барлығы тыңғылықты орындалады. Әйтпесе, Қызылағашта болған жағдайдағыдай талан-тараж болуы мүмкін. Сол кезде нақты зиян шеккендердің саны да жасырын қалған еді. Осындайдың бетін аулық қылсын", - дейді экономист. 

Мұнымен қатар, Исатай Қамбар халықтың ұйымшылдығына риза болып отырғанын жеткізді. Мұны ол халықтың ерекше қасиеті деп бағалап отыр. 

"Бұл – халықтың кеңпейілділігі. Осы нәрсеге де мән беруіміз керек. Әрине, біз өз тарапымыздан халыққа қолымыздан келгенше көмектесуге тиіспіз. "Тиіспіз" деп міндеттеу мағынасында айтып тұрған жоқпын. Әркім өзінің жағдайына қарайды. Жалпы бюджетте мұндай төтенше жағдайларға қаражат қарастырылған. Қазір жарылыстың беті қайтқан сияқты. Бастапқыда жарылыстардан шошып қалған едік", - дейді ол. 

"Астана күнін Тәуелсіздік күнінен жоғары қояды"

Ал Дос Көшім бұл ұсынысты биліктің қаншалықты қолдайтынын білмейтінін жеткізді. Десе де, жеке өзінің қуана келісетінін айтты. 

"Бұл өте жақсы идеяны өзім қолдаймын. Бірақ билік оған бара қояр ма екен? Олар үшін (биліктегі адамдар үшін — ред.) астана күні Тәуелсіздік күнінен жоғары аталып өтілетін мейрам ғой. Олар Тәуелсіздік күнін өзгертуге дайын, бірақ астана күнінің мерекесін міндетті түрде өткізе ме деген қорқынышым бар", — дейді Дос Көшім.

"Арыстағы қару-жарақ қоймасының жарылуы да үкіметтің қателігі"

Белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы билік бұл ұсынысты қабылдаған жағдайда халықтың жақсы көзқарасы қалыптасатынын айтты. 

"Менің ойымша, әбден жүзеге асуы мүмкін. Қазір Арыстағы қасірет, бүкіл елді біріктіріп отыр десем, артық айтқаным емес.
Осындай жағдайда бір үлкен той-думанды өткізу қисынсыз көрінеді. Арыстағы отандастарымызға билік те етене араласып, президент те шамасы келгенше қолдау көрсетуге талпынып жатыр.

Билік той-думанға бөлінетін қаржыны сол жаққа жіберсе, өзіне адамдардың жайлы көзқарасын қалыптастырады. Арыстағы қару-жарақ қоймасының жарылуы да үкіметтің қателігі. Астана күні тойланғанның өзінде қарапайымдау, көп қаржыны талап етпейтін шара ретінде өткізілуі керек. Әйтсе де мен өткізілмей, қаржы аударылса деген ой жүзеге асырылып қалады деп ойлаймын", — дейді Расул Жұмалы. 

Еске сала кетсек, 24 маусымда Арыс қаласында жарылыс болғанын хабарлаған едік. Оқиғаға қатысты Қорғаныс министрлігі пікір білдіріп, мән-жайды түсіндірді.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірде төтенше жағдай жариялады. Қала тұрғындары толықтай эвакуацияланды. 

 

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

Талқылау