Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әрбір әйел ана атана алатынына сенемін!" - бедеулік диагнозы қойылған отандық әйелдерге бала көтеруге көмектесетін маман

Отандық гинеколог Ширин Араз сәби сүйіп, ана бақытын сезіне алмай жүрген әйелдердің мәселесімен айналысады. Маман кінәрат тек денсаулықта ғана емес, психологиясында жатуы мүмкін дейді. Stan.kz тілшісі маманмен сұхбаттасып, әйелдерге ана бақытын сыйлау, әйелдерге жүкті болуға кедергі болатын жәйттер туралы тілдесті.  

- Ширин, қайырлы күн, гинекология саласын психосоматикамен қала ұштастырдыңыз? Бұған қалай келдіңіз?

- Мен төртінші курста оқып жүргенде Репродукциялық медицина институтына тәжірибеден өтуге бардым. Маған тәлімгер болған Махмет Қанышұлы Тұмарбековтың үйреткені, көргенім, үйренгенім осы саланы ары қарай жалғастыруға жігерлендірді.  Бұл ұлы дәрігер деп айтар едім, бала көтере алмай жүрген келіншктер әдетте оған 3-4 ай бұрын жазылады. Мен де ол кісімен таңнның атысынан күннің батысына дейін науқастарды қабылдап, үйреніп, көкейіме тоқыдым. Әйелді жасанды жолмен ұрықтандыру, оны оған дайындау шараларына бірге қатыстым. Сонда мен әйелдің де, еркектің де денсаулығында кінәрат жоқ, бірақ бала көтере алмай жүрген жағдайларды көрдім. Тіпті дәрігерлердің өзі айтатын, сізде барлығы жақсы, саусыз, бірақ бір себептерге байланысты жүктілік болмай жатыр деп. Мұндай жағдайлар шығу тегі түсініксіз идиопатиялық  бедеулік деп аталады. Мұндайда дәрігерлер әйелге ойын басқа арнаға ауыстыруға немесе психолог маманнан кеңес алуға ұсынады. 

Жалпы жүкті болу - көп факторларға байланысты, оның ішінде әйелдің жасы. Көп жағдайда уақыт маңызды, шешуші роль ойнайды. Бірақ әйел адам өзінің түпсанасындағы қорқыныш-үрейімен жұмыс істеп, олардан арылғасын, аяғы ауырлайтын жағдайлар жиі кездеседі.

Тәжірибеден өткен кезде, сәтін салып, Барселонадағы ұрпақ сүю орталығының директоры Ольга Кавер келді. Ол өзінің семинарын оқып, кейін мен одан қашықтықтан білім алдым. Қазір мен негізгі мамандығымнан басқа, репродукциялық проблемалары бар әйелдермен жұмыс істейтін мамандық иесімін. 

-Бұл мамандыққа келуіме тағы бір себеп - өзімнің тәтім 40 жаста тұрмысқа шығып, бала көтере алмады. Мен оларды өзімнің тәлімгерім Махмет Қанышұлына алып келдім. Бірінші рет болмады, кейін мен тағы тәтеммен біраз жұмыс жасап, оны психологиялық тұрғыдан дайындадым. Екінші рет ол көтерп, дені сау егіз ұлды дүниеге алып келді. Сол кезде ішімде бірдеңе бүлк етті, осымен айналыс деп белгі алғандаймын. Сәби сүйе алмай жүрген әйелдерге мен көмектесе алатынымды және бұл менің жолым екенін түсіндім. Басында тіпті тәжірибе жинау үшін әйелдерге тегін көмек көрсетіп жүрдім. Қазір екі жыл өтті, бұл екі жыл ішінде көп әйел бала көтеріп, ана бақытын сезінді. 

- Сіз әйелдермен психолог ретінде де жұмыс істейсіз ба, әлде бедеуліктің себебі неде жатқанын анықтап, маманға жібересіз бе?

- Мен әйелдермен бедеуліктің психосоматикасы бойынша сарапшы ретінде жұмыс істеймін. Бұл - күрделі жұмыс, өйткені дәрігер мен әйелдің арасында бір-біріне деген сенім, жақсы қарым-қатынас болуы қажет. Біз шырмауы көп мәселені бірге шеше бастаймыз. Егер басқа репродуктолог сынды маман қажет болса, сонда жіберем. Өйткені кез-келген маман - өз саласының маманы болуы тиіс. Кейбір әйелдерге менің бір кеңесім жеткілікті, әрі қарай өздері алып кетеді. Одан басқа әлеуметтік желілерде мен 2 апта бойы марафон жүргізем. "Ана болуға жол" деп аталатын марафонымда біз әйелдермен бедеуліктің себептерін, психосоматикалық себептерін талқылаймыз. 

- Тәжірибеңіздегі ерекше оқиғалармен бөлісіңізші, Ширин?

- Жанар, мұндай оқиғалар өте көп. Тіпті өзім таңғаламын. Бәрі Жаратқанның шексіз құдіреті екенін түсінемін. Қазір соңғы күндері болған жәйт ойыма түсіп тұр. 40 жастағы әйелдің 10 жастағы баласы бар, одан кейін он жыл бала көтере алмай, ЭКО-ға баруға бел буады. Барлық қажетті шаралардан өттік. Жас кезінде ол жасанды түсік жасатқан екен, сонымен жұмыс жасадық. Өйткені көп жағдайда түсік болған, жасанды түсік жасатқан әйел көп уайымдап, қорқып, өзін кешіре алмайды. Сондықтан мұнымен жұмыс істеу керек. Ал жуырда әйел табиғи жолмен аяғы ауырлағаны туралы сүйінші жаңалығын хабарлады. Мұны Жаратқанның құдіреті деуден басқа амал жоқ. Ол әйел де мықты, өзі барынша жұмыс істеді. Мұндай оқиғалар өте көп, кейде ғажайып нәрселер күтпеген жерден келеді. Осындай оқиғалардан мен Құдайдың құдіретін сезінемін. Жан-тәнімен ата-ана болуды қалаған жаңдарға Алла Тағала міндетті түрде сәби жібереді дегім келеді. Бұл - тек уақыт еншісінде. 

- Мен жиі бала көтере алмай, басқа баланы асырап алғаннан кейін көптен күткен сүйінші жаңалықтың орын алғанын естимін. Мұның құпиясы неде? 

- Менің тәжірибемде де мұндай оқиғалар бар. Отбасы бала асырап алады, шамалыдан кейін өздері де көтереді. Немесе жұп ЭКО жасатады, баласын туады, жарты жыл өтпей, табиғи жолмен тағы жүкті болып қалады. Бұл - феномен, ғажайып нәрсе. Бұл жерде не болғанын түсіндірейін. Әйел бала көтере алмайтынымен көндігеді, оны күндіз-түні ойлай бермей, қайтсем де жүкті боламын деп талпынуды тоқтатады. Сол кезде босаңсып, ағзасына, денесіне, миына "бәрі жақсы" деген белгі жібереді. Бүкіл ағзасы құрысып, кортизол деңгейі шарықтаған кезде емес, тынышталған жағдайда әйел бала көтереді. Сондықтан бұл әдіс "жұмыс істейді".

- Сау, бірақ ана бақытын сезіне алмай жүрген әйелдер көп пе?

- Әртүрлі әйелдер келеді. Толығымен сау әйелдер де, нақты патологиялары бар әйелдер де келеді. Біріншілеріне біз жүкті болу үшін түрлі репродукциялық тәсілдерді ұсынамыз. Мен бірінші кезекте дәрігер ретінде әйелді толығымен барлық медициналық тексеруден өткізіп, ем тағайындаймын. Денсаулығы дұрыс болмаса, тек психосоматика деп, псхологиямен ғана айналыса алмаймын. Тек медицина мен психикамен ортақ жұмыс жасау нәтижеге алып келеді. Мен әйелдерге үнемі кінәраттың себебін іздеп, уақытын, ашқасын, жүйкесін құртпауға, керісінше, жұмысты бастап кетуге кеңес беремін. 

- Әйелдің қандай қағидалары (психологические установки - ред.) бедеулікке алып келуі мүмкін?

- Мұндай қағидалар өте көп, тіпті көп жағдайда әйелдер оларды түсіне бермейді. Менің тәжірибемде жүктілікке кедергі болатын 60-қа жуық қағидалар бар. Әйелдер кеңес алуға келгенде бұл тізімді оқытамын, әйелдер менің ішімде бұл қағида бар ма, жоқ па деп жауап беруі тиіс. "Менің басымда ешқандай қағидалар жоқ, ана болуға дайынмын" деп келген әйелдерге тізімімді оқытамын. Он минуттан кейін олар ондай қағидалардың оларда бар екенін, тіпті көп екенін мойындайды. Ондай қағидалардың ішінде "Бала тусам, мансабыммен айналыса алмаймын, өйткені барлық уақытым балаға кетеді", "Бала тусам, жұмыстан шығуыма тура келеді, күйеуім бізді қамтамасыз ете алмайды" немесе "Бала тумастан бұрын міндетті түрде баспаналы болып, жұмысымда жетістіктерге жетуім керек" дегендер бар. Бұл жәй ғана қарапайымдары. Одан тереңдері балалық шақтан келуі мүмкін. Мәселен, анасы "Қызым, күйеуге шықпай бала туушы болма" деген сөз де кейінгі өміріне әсер етеді. Жігітімен кездесіп жүрген  кезден-ақ жүкті болып қалмауым керек деген ойды басына шегелеп алады. Одан кейін тұрмысқа шығады, бірақ бала көтере алмайды. Өйткені "психологиялық контрацепциясы" ағзасын бақылап тұрады. 

- Сіз сұхбаттарыңыздың бірінде әйелдер табиғаттың заңын бұзып, бала көтеру, туу сияқты табиғи процесстерді қатты бақылайды деп айттыңыз. Сонда жүктілікті қалай жоспарлау керек?  Қалай қорғану керек? 

- Мен тек мүшеқап пайдалануды қолдаймын.  Бұл жеңіл, қолжетімді және ыңғайлы қорғанудың түрі. Тіпті тегін деп айтар едім. Өйткені тұрғылықты жеріңіз бойынша гинекологқа барсаңыз, Отбасын жоспарлау кабинетінде тегін мүшеқап алуға болады. Бірақ көп әйелдер ұялады. Дегенмен барлық дәріханаларда толып тұр. Менің пікірімді көп әріптестерім қолдамауы мүмкін, бірақ мен КОК-қа (Біріктірілген оральды контрацептив - ред.) қарсымын. Өйткені олар әйелдің гормональды фонына әсер етеді. Сонымен қатар мен спиральге де қарсымын, себебі ол бөтен дене. Тіпті оның қауіптілігі аз болса да, денсаулығыңызды артық қауіпке тігудің қажеті қанша? Көп бала туып, енді жүкті болғысы келмейтініне сенімді әйелдер фаллопиялық түтіктерін байлатып тастай алады. Тағы да ескертемін, бұл 100 пайыз сенімді болған әйелдер үшін.

- Ширин, жасап жүрген орасан зор еңбегіңізге, көп әйелдерге ана бақытын сезінуге септігіңізді тигізіп жүргеніңіз үшін рахмет! 

- Ибн Сина айтады: Дәрігердің үш қаруы бар - сөз, өсімдік, пышақ. Бұл сөзде өте терең мағына жатыр. Мұнда әрбір қару бекер бөлек жазылмаған. Жылы сөзбен науқасты дұрыс арнаған бұра отырып, көңілін аулап емдеуге болады. Дер кезінде ол күткен сөздерді айтып, үміт беріп, қанаттандыруға болады. "Міндетті түрде ана боласыз, беріліспеңіз" деген сөздермен біз ана болу бақытын әйелдерге сыйламыз. Дәрігер тарапынан психологиялық қолдау, әсіресе, біздің менталитетімізде, өте маңызды деп санаймын. Біз көп эмоцияларымызды сыртқа шығармаймыз, үндемей қаламыз, өзімізге тыйым саламыз, ренішімізді білдіртпейміз. Мұның бәрі іште қалады, өмірімізге кедергі келтіреді. Сондықтан, қымбатты әйелдер, ана болуға дайындалып жатқан әйелдер, мен әрбіріңізге сенемін. Әрбір әйел ана атанатынына, Жаратқан иеміз берген потенциалын орындай алатынына сенемін. Әрбір шаңыраққа балалы болуды тілеймін! Әумин!

 

 

Сұхбатты алған: Жанар ЖАНСЕЙІТ

 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр