Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

"Апталап үлкен дәретке бара алмаған": Дәрігерлер 7 жасар жеткіншекті аман алып қалды

Елімізде медициналық қызметкерлер күні бүгіннен-ақ аталып өте бастады. Осы орайда дәрігерлер тағы бір баланың өмірін ажалдан арашалап қалды. Алматы қалалық балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы 7 жасар жеткіншекке шетелдік тәжірибеге сүйене отырып қиын ота жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп.

мейіржан

Мейіржан отаға дейін апталап, тіпті айлап үлкен дәретке отыра алмапты. Туған жері Атырауда мұндай сырқатты емдей алмаған соң, баланы Алматыға жіберген. Бастапқыда өрімдей баласын пышаққа қимаған анасының операция жасатуға келіспеске амалы қалмапты. Өйткені жеткіншектің жаны қиналып, тіпті нәр татпаған күндері көп болған. Ал отадан соң жағдайы әлдеқайда жақсарып, өмірге қайта келгендей болды дейді анасы.

"Қазір жағдайымыз жақсы. Берген емдерін алып жатырмыз. Бірінші Алла, одан кейін осы аурухананың білікті, тәжірибелі дәрігерлерінің арқасында операция сәтті шықты. Осы орайда Дариға Нұрсұлтанқызына және осы істің басы-қасында жүрген «Дегдар» қайырымдылық қорына рахметімді айтамын", - дейді Мейіржанның анасы Ләззәт Мұқанова.

Ота шетелдік дәрігерлердің тәжірибесіне сүйене отырып жүзеге асырылыпты. Мұнда Мейіржанның құрсақ қуысына ешқандай тілім жасалмаған. Операцияның ең басты ерекшелігі де осында дейді дәрігерлер.

"Операциядан кейінгі баланың жағдайы жаман емес. Бүгінгі күні баланың үлкен дәреті күнделікті болып жүр. Ал бұған дейін бала апталап үлкен дәретке бара алмаған болатын. Сол апталап үлкен дәретке бар алмағанының салдарынан баланың физикалық жетілуінде жетіспеушілік байқалған болатын. Белгілі уақытқа дейін бала диета сақтауы керек", - деп түсіндірді Алматы қалалық Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының бас дәрігері Абай Құсайынов.

21 наурыз күні Атырауда суға кеткен әйелді құтқарамын деп полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев ажал құшқан болатын. Ерлікпен қаза тапқан азамат Мейіржанның туған ағасы екен. Қайғылы оқиғадан соң «Дегдар» гуманитарлық қоры отбасына қолдау білдіріп, көмек көрсеткен. Сол сәтте ең кіші інісі Мейіржанның науқасын естіген қор басшылары баланы алып шаһарға алдыртқан болатын.

"Операцияны толықтай өз бақылауымызға алдық. Барлығының басы-қасында жүріп, толықтай емделіп шығуына жағдай жасадық. Алдағы уақытта да осындай көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуді жалғастыра беретін боламыз", - дейді «Дегдар» гуманитарлық қорының директоры Лаура Төлегенова. 

Осылайша бір ұлынан айырылып қара жамылған ананың екінші перзенті аурудан айықты. 

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр