Әнші Жазира Байырбекова ата-енесінен бөлек тұрғысы келетін келіндерге кеңес берді
Танымал әнші Жазира Байырбекова “Ел” бағдарламасында алғаш келін болып түскен жылдарын еске алып, жас келіндерге ақыл-кеңесін айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
©instagram.com/zhazira_bairbekova
Жұлдызды жұп Жанболат пен Жазираның отау құрғанына 27 жыл болған. 18 жасында тұрмысқа шыққан Жазира Байырбекова үй ішінің ерте тұрмыс құруына қарсы болағанын жасырмады.
“Ата-анам қарсы болды және оны өз басым дұрыс деп санаймын. Сол кезде өзімді үлкен адам болдым деп ойлаппын. Қазір қарап отырсам 18 жас балалық жас екен. Бірақ балалықтың да пайдасы болды. Ата-енеммен 2 жыл қара шаңырақта тұрдым. Сол екі жыл мәңгі есімде қалды. Себебі мен ерке өскен қыз едім. Тұрмысқа шыққанға дейін ата-анам менің айтқанымда жасап жүрсе, тұрмыс құрғаннан кейін керісінше, мен ата-енеме қызмет қылдым. Мықты әйел болып шықтым”, – дейді Жазира Байырбекова.
Әнші отау құрған жас келіндердің ата-енесімен кем дегенде 3 жыл бірге тұруы керек деп санайды.
“Ата-ананың батасын алу, оларға бауыр басып, өсіп, даму үшін келін ата-енесімен тұруы керек. Қазір көп ата-енелер “асырап, тәрбилегім келмейді, өз күндерін өздері көрсін, тәрбилеп шаршағым келмейді” деп бөлек шығарып жатады. Сонда келін ата-енесіне қай кезде бауыр басады? Сондықтан қыз бала өзге отбасыға сіңісіп кетуі үшін ата-ененің қолында кемінде 3 жыл тұру керек деп есептеймін. Мен екі жыл аз тұрып қойдым”, – деп күлді әнші.