Анасын сотқа берген жетім бала бүйрегін $50 мыңға сатпақ

27 жыл бұрын анасынан тірідей айырылған Серік Кенжебеков бүгінде қазақстандық жетімдердің проблемасын көтеріп жүр. Мемлекет көмек көрсетпеген соң, өз басының мәселесін шешу үшін ол бүйрегін елу мың долларға сатуды жоспарлап отыр. Кенжебеков Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне қандай мұңның маза бермейтінін, неліктен жұмыс істемейтінін, интернаттағы жетімдерге неліктен көмектің керек еместігін айтып берді.

Анасын сотқа берген жетім бала бүйрегін $50 мыңға сатпақ

Серік Кенжебековтың дүниеге келгеніне 5 күн толғанда анасы одан бас тартып, жетімдер үйіне тастап кеткен. Серік болса есін білген күннен бастап ер жеткенге дейін анасын іздеп табуды мақсатына айналдырған. Әр жетімнің көкейінде жүретін сұрақты ол да сол әйелге қойғысы келген. Тастап кететіндей, анасына не жазып қойғанын анықтауды Кенжебеков қатты қалады.

Ол туу туралы куәлігі арқылы анасының аты-жөнін білді. Таныстары Перизат Кенжебекова есімді әйелдің ЖСН-ін, құжаттарын табуға көмектескен. Серік Кенжебеков қолда бар ақпаратымен “Бармысың бауырым” бағдарламасына қатысқан. Алайда анасынан немесе өзге де туысқандарынан ешқандай жауап келмеген. Уақыт өте келе әйелдің бағдарламадан Серікті көргені белгілі болды. Бірақ баласымен қосылу оның ойында болмаған секілді. Кенжебеков теледидарға қайта шыққанда, оған туысқандары хабарласып, күллі Қазақстанға әулетін жаман атты қылуды доғаруын талап еткен. Анасы да ұлынан “неліктен менің масқарамды шығардың?” деп сұрапты.

Серік Кенжебеков балаларын тастап кететін әйелдерге сабақ беру үшін өз анасын сотқа берді. Моралдық шығын келтіргені үшін 5 миллион теңге сұраған. Алайда, Перизат Кенжебекова жұмыс істемейтін болған соң, сот аталған сомманы 300 мың теңгеге түсірді.

Анасын сотқа берген жетім бала бүйрегін $50 мыңға сатпақ

Бүгінгі күні Серік Кенжебеков анасымен де, туысқандарымен де араласпайды. Өз күнін өзі көреді. Алайда, ол 2014 жылы мемлекеттен алған баспанасынан екі жылдан кейін, айырылып қалуы мүмкін.

“Мен Қазақстандағы жетімдердің проблемасын көтеремін. Олардың көбісі ауыздарын ашуға қорқады. Сосын  менен көмек сұрайды.

Елімізде жетімдерге түсініспеушілікпен қараса екен деген тілегім бар. Жетім балаларға интернатта жатқанда, көмектесудің керегі жоқ, мемлекет онсыз да оларға керегін береді. Керісінше, олар сол жерден шыққанда қол ұшын созу керек. Мемлекет осы кезде оларға бейжай қарамауы қажет.

Пәтер жағынан көмектессе, жақсы болушы еді. Біздің балалар тұрғын үйлерін күтеді. Он жыл немесе одан да көп уақыт қай жерде өмір сүретіндерін білмей жүреді. Ақырында олар қабырғасы қирайын деген пәтерге қол жеткізеді. Бірақ түбінде мемлекет берген үйдің өзінде жақсы жағдайдың жасалмағаны анықталады. Мысалы, газ болмай қалады. Әйтеуір бір проблема табылады.

Маған 2014 жылы мемлекеттік жатақханадан пәтер берді. Жиырма тоғызға толғанға дейін сонда тұра аламын. Екі-ақ жылым қалды. 2015 жылы кезекке тұрғанмын. Соңғы рет құжаттарымды жаңартқанымда шамамен 1515 орында екенімді көрдім.

Бүйрегімді арақ ішу үшін немесе қымбат киімдерді сатып алу үшін емес, пәтер алу үшін сатамын. Адамдарға осыны түсіндірумен әлекпін. Маман сымақтардың көпшілігі менің шешіміме қарсылық танытып жатыр. Бір әйел мені тіпті “жалқаусың” деп айыптады. Оған: “мен жалқау болсам, маған жұмыс беріңізші” — деп едім, жауап бере алмай қалды.  Егер мен жұмыс берушіге келіп : “жетімдер үйінен шықтым, мені қызметкерлеріңіздің қатарына қоса аласыз ба? Жұмыс бар ма?”— деп сұрасам, олар маған:”иә, біз сізге хабарласамыз”, — дейді де хабарласпайды. Өзім жазған еңбек кітабым, тәжірибем бар. “Аяқ-қолың бар, жұмыс істемейсің бе!” — деп айтушылар да жоқ емес. Жұмыс беріңіздер. Айтуға оңай. Барлығы періште.

“Екі жарты, бір бүтін, жасың 27-ге келді, үйленбейсің бе?” — деп те айтады. Мен мемлекеттен пәтер алмағанымша үйленбеймін. Себебі, өзім осы өмірді көрдім. Егер қазір Кеңес үкіметінің кезеңі, өмір сүру арзан болса, шаңырақ көтерер едім. Мақалдаудың керегі жоқ. Өмірге шынайы көзқараспен қарау керек.

Медициналық тексерістердің барлығынан өттім. Бүйрегімді сатып алатындармен тағы да бір мәрте тексеріліп шығамын. Жалпы, денсаулығым жақсы. Қаным бірінші топқа жатады. Ал бірінші топ барлығына көмектесе алады. Елу мың долларға сатуды жоспарлап отырмын. Маған хабарласып: “отыз мың, жиырма мыңға келісейік”, — деп ұсыныс білдіреді. Бірақ мен келіспеймін, олай бағаны түсірмеймін. Себебі, мүшені мен қайтадан базардан сатып ала алмаймын ғой”, — дейді ол.

Серік өз ойынан бір жағдайда ғана бас тартатынын мәлімдеді. Егер бір компания оған амбассадор сынды қызметті ұсынса немесе өнімді жарнамалап, соның арқасында ақша табуға мүмкіндік берсе, бүйрегін сатудан бас тартатынын тілге тиек етті.

Кенжебековтың сөзінше, еліміздің “Универсиада”,  “Экспо” сынды шараларды өткізуге, 23 миллион теңгеге тиін орнатуға шамасы келеді. Бірақ жетімдерге келгенде ақшасы таусылып қалады.

“Мемлекет жетімдерге ақша үнемдейді. Сосын білім мәселесіне көңіл аударылса деймін. Оңтүстік астанада жетім балаларға арналған бір ғана колледж бар. Онда сантехник, электрші, сынды мамандықтар оқытылады. Біз ҚазҰУ, КИМЭП, АГУ сынды жоғары оқу орындарында білім ала алмаймыз. Неліктен?

Сонымен қатар, жетімдер үйінде өскен балаларды әскерге қабылдамайтынын ескеру керек. Әскерге барып келген,  балалар үйінен шыққан адамды көрдіңіз бе? Жетімдер үйінде өскен балалалар әскерге қабылданбайды. Мұның себебі неде? Ақылыма қонбайды. Мен үш жыл көлемінде әскери комиссариатқа бардым. Біз медкомиссиядан өтеміз. Соңында біздің қолымызға әскерге жарамсыз деген хатты табыстайды.

Сосын кез келген компаниялар жетімдерді жұмысқа қабылдауға қорқады. Оны жұмысқа алсам бірнәрсені ұрлап кетер, біреуді өлтірер, алдап  кетер деп ойлайды. Қоғамда жетімдер алқаш, бұзақы деген бұрыс қағида қалыптасқан. Иә, бізде статистика бойынша, жетімдердің жетпіс пайызы абақтыдан шыққандар немесе түрмеде жатқандар. Оларды түрмеге жапқан қоғам. Адамдар өздерін мейірімді, жақсы жандар санайды. Бірақ осындай әрекеттері арқылы өз-өздеріне қарсы шығады. Тіпті, имамдардың өзі бір-біріне қайшылық танытады. Қазіргі имамдар бұрынғыдай емес. Мейірімділік туралы сөз қозғағанды біледі. Өздері біреуге жақсылық жасады ма екен?”— дейді Кенжебеков. 

“Армансыз адам — бұлбұлсыз орман” демекші, біздің кейіпкеріміздің де арманы жоқ емес. Қазақ телевидениесіндегі бағдарламалардың тұрақты қонағына айналған ол, сол салада жұмыс істегісі келетінін жасырмады.

“Өзімнің төрт жыл бұрын алған көк костюмім бар. Соны теледидарлық бағдарламаларға шақырғанда киіп аламын. 2013 жылдан бастап телеарналарға шыға бастадым. Бағдарламаларға қатысу ермегіме айналып кетті. Телевидениеде жұмыс істегім келеді. Одан бөлек басқа нәрсемен айналысу маған қызықсыз. Тілшілер қоңырау шалғанда баладай қуанып кетемін. 2014 жылы Қырғызстаннан киноға түсу туралы ұсыныс та түскен. Бірақ белгілі бір себептерге байланысты киноға түспедім. Шынымды айтсам, маған адамдардың назары жетіспейді. Достармен бірге кафеге, караоке бару деген менде жоқ. Уақытымның көп бөлігін үйімде өткіземін. Араласатын адамым да жоқ”, — дейді Кенжебеков.

Алғашында телевидениеге анасын табу үшін барған Кенжебеков, қонақ болған арналарынан кәдесіз қайтпайтын көрінеді. Телеарнаның аттары жазылған ыдыстар ол үшін бағалы. Серіктің ойынша, болашақта олардың бағасы миллионды құрауы мүмкін. Қазіргі уақытта оған ақшалай көмек ауадай қажет.

Серік Кенжебековке көмек көрсетемін деген ниетіңіз болса, 8 702 380 07 57 нөміріне хабарласа аласыз. 

 

 

Автор: Айару Шаймерден

 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

 Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр