Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Анам бәрімізді аяққа тұрғызды": Әнші Дос сегіз баласы бар жалғызбасты анаға көмектесті

Елімізге белгілі әнші Дос елордада тұратын сегіз балалы жалғызбасты анаға көмек көрсетті. Отағасы бір жыл бұрын дүние салған отбасы бүгінде тұрмыстың ауыртпашылығын тартып отыр. Ал отбасыға тігін машинасын сыйлаған әнші кезінде өзінің анасы тігінші болғанын айтып, тұрмыстарының түзелуіне себін тигізер деген ниетін білдірді.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап хабарлайды.

Елордада жалғыз анасының қол астында тәрбиеленіп жатқан алты ұл, қос қыздың арманы биік. Бірі - президент боламын десе, енді бірі - он саусағынан өнер тамған тігінші болуды армандайды. 

Бүгінде 8 баласын тәрбиелеп отырған жалғызбасты анаға әнші Дос тігін машинасын сыйлады. Өз сөзінде өнер иесі қолдан келгенше жақсылық жасауға тырысатынын айтты. Алайда жасаған жақсылығың туралы тіс жармау керек деген пікірде. 

«Жасаған қайырымдылықты айтпау керек дейді. Қолдан келгенше жасаймын. Шамалы болса да, қолдан келгенше көмектесейін деп тігін машинасын алып келдім. Өзімнің анам – тігінші. Тоқсаныншы жылдары Кеңес үкіметі құлдырап, елдің бәрі не істейміз деген кезде, үйде анам тігін тігіп, құрақ көрпе жасап, бәрімізді аяққа тұрғызды. Қолыңыздан келіп жатса, сол істі істеген дұрыс деп ойлаймын. Қайырымдылық деп емес, сыйлық алғандай қараңыздар», - дейді әнші Дос.

Атажұртқа оралып, демографияға үлес қосып жүрген бұл отбасында бүгінде 8 бала өсіп келеді. Есімдері де ерекше: Айдидар, Ұлағат, Мұхаммед, Алмаз, Сайыпқыран, Меруерт, Дауылпаз және Байтайлақ.  Ал отағасы осыдан 1 жыл бұрын дүние салған екен. 

 «2000 жылдардың басында ҚХР-дан, Алтай жақтан келгенбіз. Ата-жұртқа қоныс аударып, өсіп-өнейік деп келгенімізде, жан саны аз еді. Айдаладан, миллиардтың арасынан келген бізге адам аз сияқты көрінді. «Біз отанымызға не береміз?» - деп келдік. Қарап тұрсам, әйел адам үшін жан санын көбейту маңызды екен. Сонымен Алладан ұрпақ сұрап, қазақтың санын көбейтсек дедік.

Кейін жолдасым ауырып қалды. Ол кісінің мамандығы бойынша елімізде жұмыс істеуге рұқсат болмады. Біздің мамандық бойынша жұмыс табылмаған соң, ауылға барып, біраз мал бақтық. Артынша ұрпағымызды оқытайық деп астанаға көшіп келдік», - дейді Жеңісгүл Ермұқамет.

Көпбалалы анаға тігін машинасын сыйлаған әнші олардың тұрмысы түзеліп, аяққа тұрып кетер деген ниетін білдірді. Сонымен қатар қайырымдылық эстафетасын өнердегі әріптестеріне, сәнгер Жадо, әнші Маржан Арапбаеваға жолдады. 

Талқылау