Ер адам 20 жыл бұрын істеген қылмысы үшін өлім жазасына кесілді: Оған қатаң жаза тағайындауға жоғарғы сот қарсы шыққан
25 қыркүйекте АҚШ-та 55 жастағы Марселлас Уильямс өлім жазасына кесілді. 20 жыл бұрын журналист Фелиция Гейлді өлтіргені үшін ер адамға айып тағылған еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Мәліметтерге сенсек, АҚШ-тың Миссури штатында 1998 жылы Сент-Луис қаласында Фелиция Гейлді аяусыз өлтіргені үшін кінәлі деп танылған Марселлас Уильямс өлім жазасына кесілді. Уильямстың ісі АҚШ-та кеңінен талқыланды. Себебі өлім жазасын орындау екі рет кейінге қалдырылды, кейбір Жоғарғы соттың судьялары мен танымал тұлғалар жазаны тоқтатуды талап етті. Бұдан бөлек оған қарсы қолданылған дәлелдерге қоғамда күмән туындады.
Прокурорлар 1998 жылдың тамыз айында Уильямс әлеуметтік қызметкер және St. Louis Post-Dispatch газетінің бұрынғы репортері Фелиция Гейлдің үйіне кіріп, оған 43 рет пышақ сұққанын, кейін оның сөмкесі мен күйеуінің ноутбугын ұрлағанын айтты.
Кейін 2001 жылы Уильямсқа ең ауыр жаза тағайындалды, ал алқабилер оны кінәлі деп тапты. Осы аптаның басында Миссури штатының Жоғарғы соты және штат губернаторы Майк Парсон өзінің кінәсіздігін талап еткен Уильямстың рақымшылық туралы өтінішін қабылдамай тастады.
АҚШ Жоғарғы соты да соңғы сәтте оған рақымшылық беруден бас тартты, дегенмен сейсенбіде үш либерал судья – Соня Сотомайор, Елена Каган және Кетанджи Браун Джексон консервативті көпшіліктің пікіріне қарсы шығып, үкімді кейінге қалдыруды талап етті. Құрбан болған әйелдің отбасы өлім жазасының орнына өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал жергілікті прокурорлар үкімнің күшін жоюды талап етті.
Фото: dailymail.co.uk
Гейлдің туыстары өлім жазасы рәсіміне қатыспады, тек Уильямстың ұлы мен екі адвокаты төбе көрсетті.
Уильямсты екі рет өлім үкіміне кесу жоспарланған, бірақ екі рет те әртүрлі себептермен кейінге қалдырылған. Уильямстың адвокаттары сот әділ болмағанын, өйткені қара нәсілді қазылар алқасы заңсыз түрде процестен шеттетілгенін айтты.
Сондай-ақ олар Уильямсты қылмыс орнына байланыстыратын айғақтардың жоқ екенін мәлімдеді. Уильямс өкілдері сот барысында ДНҚ сараптамасына қатысты мәселелерді де атап өтті. 2017 жылы Гейлді өлтірген пышақта Уильямстың генетикалық материалымен сәйкес келмейтін ДНҚ табылған.
Осылайша іс уақытша тоқталып, сол кездегі штат губернаторы Эрик Грейтенс істің мән-жайын зерттейтін комиссия құрды. Алайда ол өз қызметінен кетуге мәжбүр болды, ал комиссия ешқандай қорытынды шығармады.
Жергілікті прокурор Уэсли Белл ДНҚ-ға қатысты қайшылықтарға алаңдаушылық білдіріп, жаңа сот процесіне талап етті. Бірақ бұл сот процесі тоқтатылды, өйткені прокуратура қызметкерлерінің бірі пышаққа қолғапсыз тигені анықталып, бұл басқа біреудің ДНҚ-сының табылуына себеп болуы мүмкін деп топшылады.
Прокуратура қызметкері дәлелдемелерді дұрыс ұстау ережелерін бұзбағанын және пышаққа тек криминалистикалық зертханадан кейін ғана қолғапсыз тигенін айтты.
Фото: kttn.com
24 қыркүйекте прокурор Белл Уильямстың өлім жазасын айыптап, "кінәсіздігіне күмән болған жағдайда өлім жазасы ешқашан қолданылмауы керек" деп мәлімдеді. Уильямстың өлім жазасына қарсы болған танымал адамдардың қатарында британдық кәсіпкер Ричард Брэнсон да бар.
Алайда Миссури штатының республикашыл губернаторы Майк Парсон Уильямсқа рақымшылық жасамау туралы шешімін дұрыс деп санады.
"Уильямстың кінәсіздігіне қатысты ешқандай қазы немесе судья оның мәлімдемелерін растаған жоқ", - деді Парсон.
Уильямстың мүддесін қорғаған Innocence Project заңгерлер тобы Уильямс кісі өлтіргенін мойындап, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына келісу үшін прокуратурамен келісімге келуге тырысты. Алайда Миссури штатының Жоғарғы соты бұл келісімді қабылдамай, өлім жазасын күшінде қалдырды.
"Уильямстың тарихы біздің қылмыстық-әділет жүйесімен бетпе-бет келген көптеген адамның тағдырын қайталайды. Ақ нәсілді әйелді өлтіргені үшін айыпталған қара нәсілді ер адам Уильямс өз кінәсіздігін соңына дейін қорғады", – делінген Innocence Project ұйымының мәлімдемесінде.
Еске салайық, бұған дейін Вьетнамдағы ең бай әйел алаяқтық жасағаны үшін өлім жазасына кесілгенін жазған едік. Van Thinh Phat компаниясының басшысы Чыонг Ми Лан – Вьетнамда қаржылық қылмыс жасағаны үшін өлім жазасына кесілген санаулы әйелдердің бірі. Мұндай ауқымдағы алаяқтық бұрын-соңды болмаған. Чыонг Ми Лан Saigon Commercial Bank-тен 304 трлн донг (шамамен 12,5 млрд доллар) несие алғаны үшін кінәлі деп танылды. Оның алаяқтық әрекетінен келген жалпы шығын 27 млрд долларға бағаланып отыр. Сот үкімі оны дәл осы соманы қайтаруға міндеттеді, ал айыптаушы тарап бұл мүмкін емес деп есептейді.
"Қолымнан айырылып қалу алдында тұрмын": МӘМС арқылы уақытылы көмек ала алмаған қазақстандық ота кезегінің ұзаққа созылғанына наразы