AAPL
137.59 $
0.17 %
TSLA
709.42 $
-0.05 %
NDAQ
143.08 $
0.7 %
GOOGL
2207.68 $
-1.35 %
FRHC
40.71 $
-0.97 %
AAPL
137.59 $
0.17 %
TSLA
709.42 $
-0.05 %
NDAQ
143.08 $
0.7 %
GOOGL
2207.68 $
-1.35 %
FRHC
40.71 $
-0.97 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"AMANAT" партиясы жанынан «TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңы жұмысын бастады

"AMANAT" партиясы жанынан "TALQYLAU" қоғамдық диалог алаңы жұмысын бастады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бүгін "AMANAT" партиясының Қоғамдық саясат институты жанынан "TALQYLAU" жаңа диалог алаңы өз жұмысын бастады. Парламент депутаттарының, сарапшылар мен қоғам белсенділерінің қатысуымен өткен алғашқы талқылау Мемлекет басшысының Жолдауына және аралас сайлау жүйесіне көшуге арналды. Талқылау әлеуметтік желілерде тікелей эфирде тарату арқылы интерактивті форматта өтті.

"AMANAT" партиясы ашық, кәсіби және тең жағдайда – жария диалогтың жаңа стандартын қалыптастырады. Отырыстың негізгі уақыты саяси жүйені трансформациялау және аралас сайлау жүйесіне көшу туралы пікірталастарға арналды. Бұл ретте, спикерлерге сұрақтарды залдағы сарапшылар мен қатысушылар ғана емес, сонымен қатар онлайн-көрермендердің де қоюына мүмкіндігі болды. Жалпы, 700-ден астам пікір мен сұрақтар келіп түсті.

"TALQYLAU"-дың алғашқы отырысын ашқан "AMANAT" партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов Президент жариялаған реформалар Қазақстанның мемлекеттік құрылысы тарихының жаңа кезеңіне бастайтынын атап өтті.

"Сайлау туралы заңнамаға өзгерістер енгізіледі. Бұл елдегі демократиялық өзгерістердің катализаторы мен негізіне айналатыны сөзсіз. Саяси партияларды тіркеу ресімдерін жеңілдету жаңа саяси қозғалыстардың құрылуына серпін береді және жұмыс істеп тұрған саяси бірлестіктердің өз қызметін жандандыруына алып келеді. Бұл бағытта "AMANAT" партиясы белсенді жұмыс істеуде. Съезден бері бір айға да жетпейтін уақыт өтті. Соған қарамастан оның барысында айтылған міндеттер мен бастамалар бүгінде іске асырылып жатыр және "TALQYLAU" –  сол бастамалардың бірі", – деді партияның атқарушы хатшысы.

 "AMANAT" партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Саясат Нұрбек талқылау алғаш рет тікелей эфирде өтіп жатқанын алға тартып, "Біз бүгін құрылымданбаған, цензурадан өтпеген ашық диалог дәстүрін бастаймыз деп үміттенеміз. Бұл Президент жолдауы аясында өте маңызды, өйткені "Жаңа Қазақстан" жұмысын жаңа қағидаттар мен жаңа жұмыс форматтарынан бастау керек", –  деді.

"Қазақстанның Азаматтық Альянсы" ЗТБ президенті Бану Нұрғазиева мықты қоғамсыз мықты мемлекет құру мүмкін емес деген пікір білдірді.

"Біз жаңа реформаларға дайынбыз. Жұртшылық көп нәрсе өзгереді деген үмітпен Жолдауды ықыласпен қабылдады. Азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесіп заңнамалық өзгерістерге қатысты көптеген жұмыс атқарылады деп күтеміз", – деді ол.

Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, қазір елімізді жаңа деңгейге көтеруге үлкен мүмкіншілік бар. Ол үшін Жаңа Қазақстанда өзгерісті әркім өзінен бастауы керек. 

"30 жылда жеткен жетістіктеріміз бар. Бірақ кемшіліктеріміз де аз емес. Жаңа Қазақстанда партиядан бастап, әрбір азаматқа дейін, ауыл әкімінен Президенттің жұмысына дейінгі жіберілген кемшіліктерді анықтап, тіпті, соның тізімін де жасасақ. Бюджетті құруда бізде көптеген гигантонамия болды. Қаншама миллиардтаған қаражат басқа жаққа жұмсалып, ал мына жақта халық үйсіз-күйсіз жүрді. Оның барлығы кемшілік пе? Әрине, кемшілік. Сондықтан Президенттің айтқаны, бірінші кезекте басымдық өзгеруі керек. Ол үшін халықтың жағдайына қарау қажет. Барлығының өлшем – адам. Міне, қазіргі біздегі нағыз қағида осы. Біртіндеп соған келе жатырымыз", – деді депутат.

"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" туралы айтқанда, біз әрқашан "құлақ асатын мемлекет" жағдайында "айтатын" қоғам қажет екенін түсінуіміз керек. Егер ашық "айтатын" қоғам болмаса, онда олар кімнің үніне құлақ асуы керек? Енді біз процесті жылдамдату керек. Өйткені Жолдауда идеялар ғана айтылды, ал оларды қалай жүзеге асыратынымызды біз бірге ойлануымыз керек. "AMANAT" партиясы өзінің алғашқы өзгерістерін ашық алаңнан бастағаны және бізді шақырғаны құптарлық", – деді қоғам қайраткері, "Серпін" Ұлттық білім және инновациялар палатасының президенті Мұрат Әбенов.

Сондай-ақ, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Бәшімов, Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Қазбек Майгелдинов, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған, Парламент Мәжілісінің депутаты Тілектес Адамбеков және басқалар өз пікірлерімен бөлісті.

Келесі "TALQYLAU" отырысы подкаст жазбасы, дебаттар, пікірталастар сияқты түрлі форматта өтеді. Әрі қарай тақырыптар Қоғамдық саясат институтының Телеграм-арнасында дауыс беру қорытындысы бойынша анықталатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, "TALQYLAU" пікірталас алаңын құру бастамасы 1 наурызда өткен кезектен тыс Съезде партияны трансформациялау бағдарламасының бір тармағы ретінде жарияланған еді. Алаңда азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешетін ұсыныстар әзірлеу үшін сарапшылар, депутаттар, мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері тұрақты түрде кездеседі. Сонымен қатар, пікірталас "Айқын" және "Литер" газеттерінің арнайы айдарларында жарияланатын болады.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр