Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әлсіздігімнен емес, арымнан": Генерал Абисатов қазақстандықтардан кешірім сұрады

Әлеуметтік желіде қызметінен қуылған ішкі істер министрі Махамбет Абисатовтың видеосы тарады. Аталған видеоның бұрынғы министрге тиесілі екенін ІІМ растады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Абисатов

«Бұл, расымен де, менің сөзім. Оны 2017 жылдың қараша айында көпшілік отырған жиналыста емес, кішігірім үш-төрт адам тұрған жерде айттым. Ал оны көпшілікке заңсыз жазып, монтаж жасап, әлеуметтік желіге таратқандар ұсынып отыр. Әр адамның осындай кемші тұстары бар. Менің осы кемші тұсым жұртқа жария болды. Бұл жағдай кез келген адамның басында болуы мүмкін», - деді Абисатов. 

Сондай-ақ, ол неліктен өз әрекетін көпке дейін түсіндірмей келгенін жеткізді. Айтуынша, бұл тексеру жұмыстарының жүруімен байланысты болған. 

«Мен ешуақытта командирлер мен қоластымдағылардың артына барып тығылған емеспін. Сол себепті 1 маусым күні отставкаға өтініш жаздым. Мәселе шешіліп жатқан уақытта ешқандай пікір білдіре алмадым. Мыңдаған полиция қызметкері тәулік бойы қоғамдық тәртіпті күзетіп, адамдарды зорлық-зомбылық пен қылмыстан қорғайды. Олардың әрқайсысы күн сайын тұрғын үшін өмірін қиюға әзір. Сол себепті мен әділ шешім қабылдап, отставкаға кетуім керек деп ойлаймын. Әріптестеріме сөз келгенін қаламаймын», - деді Махамбет Абисатов. 

Әрі қарай экс министр 36 жыл қызметте жүріп көп нәрсені көргенін, көптеген жағымсыз сөзді естігеніне тоқталды. 

«Кірді ақ қолғап киіп тазалау мүмкін емес. Басқа салада жүрсем, мен кулуарда басқаша сөйлейтін едім. Өзімді ақтамай, өзгелерді мұндайдан сақтандырғым келеді. Кулуарда тұрып ашуға бой алдырып, сөзім біреуге тиіп кетті. Басқа адамдардың ықпалымен сол сөздерім жұртқа жария болып отыр. Әлсіздігімнен емес, арымнан әрқайсыңыздан кешірім сұраймын», - деді Махамбет Абисатов. 

Сөз соңында экс министр қандай жағдай болса да, өз елінің патриоты болып қала беретінін жеткізді. 

Естеріңізге сала кетсек, осы күнге дейін Махамбет Абисатовтың ІІМ басшысы орынбасары қызметінен босатылғаны туралы хабарлаған едік. 

Талқылау