Алматы облысында баласынан айырылған әке дәрігерге тап берді: ІІД пікір білдірді
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданының орталық ауруханасында тамақтан уланған 14 жасар Жаннұрды құтқара алмаған дәрігерлерге әкесі Мұсаханов сес көрсеткен болатын. Аталған оқиғаға қатысты облыстық ІІД дәрігерлер баланың әкесіне шағымданса, Жаннұрдың анасы дәрігерлердің үстінен арыз жазған, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.
Алматы облыстық денсаулық сақтау басқарамасының баспасөз қызметінің ақпаратына сай аталған оқиғаға қатысты аурухана қызметкерлері Еңбекшіқазақ Ішкі істер бөліміне арыз түсірген. Және арыздың түскенін растаған Алматы облыстық ІІД ресми өкілі дәрігерлердің үстінен де шағым түскенін мәлімдеді.
«Қайтыс болған баланың әкесіне қатысты Қылмыстық кодекстің 293 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар баланың анасының тарапынан дәрігерлерге қатысты қарсы арыз түсті. Бұл арызға қатысты тергеу амалдары ҚК 317 бабы бойынша жүргізілуде. Екі іс бойынша да процессуалдық шешім медициналық сараптаманың нәтижесіне байланысты болады», – дейді пікір білдірген Алматы облыстық ІІД өкілі.
Естеріңізге салсақ, Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданының орталық ауруханасында баласынан айырылған әке дәрігерлерді пышақтақтап тастағаны туралы ақпаратты жазған болатынбыз.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.