Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Almaty Investment Forum-ды өткізуге бюджеттен 80 миллион теңге бөлінбекші

Almaty Investment Forum өткізуге мемлекет бюджетінен 80 миллион теңге бөлінетін болды. 200 астам шетелдік қатысушы 20 елден келеді екен. Олардың көбісі инвесторлар мен кәсіпкерлер. 20 VIP-спикер талқылауға қатысады. Ал олардың бизнес-класспен ұшып келуі мен қымбат қонақ үйлерде тұруын ұйымдастырушы жақ өздері төлейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына  сілтеме жасап.

«Бұл форумда кем дегенде 200 миллиардқа жуық ақша айналымға түсетін болады. Форумның тақырыбы – Қазақстанның оңтүстік астанасының инвестициялық дамуын күшейту. Шақырылған қонақтардың арасында отанды және әлемдік танымал ұйымдардың басшылары, қаржы институттары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері бар», - деді Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин. 

350-ден астам шақырылған қонақтар өздерінің форумға қатысатындығын жеткізді. Дегенмен vip-қонақтардың форумға келуін қамтамасыз етуге кететін қаржы негізсіз деп ойлайтын экономист мамандар да табылды. Айтуынша, шенеуніктер кететін шығынның мәні болады ма деген сұраққа жауап берулері қажет. 

«Қаланың инвестиция мәселесі өзгеру үшін ең алдымен өз мемлекетімізде жұмыстар атқару шарт. Қолайлы бизнес-климаттың қалыптасуына жағдай жасап, бұл туралы заңнамалар құрастыру қажет. Бастысы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу керек», - деді экономист Айдар Әлібаев.
 

Талқылау