Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық тұрғын бір қорап кәмпит сыйлаймын деп жарты миллион теңгелік айыппұлға ілікті

Алматылық тұрғын шенеунікке бір қорап кәмпит сыйлағаны үшін жарты миллион теңге төлеуіне тура келді. Бұл туралы жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілдері мәлімдеді. Бұған қоса олар ұстазға сыйланған жаңа жылдық тәттілер де пара болып саналатынын жеткізді. Ал мұндай жағдай үшін екі жақ та жауапқа тартылады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.

Бір қорап кәмпит сыйламақшы болған азаматшаның басы дауға қалды. Оның бұл әрекеті бес жүз мың теңгелік айыппұлға соғатыны ойына тұрмақ түсіне де кірмепті. Жемқорлыққа қарсы жұмыс атқаратын қызметкерлердің сөздерінше, жауапқа  сыйлық - мейлі ол тәтті не кішкентай кәдесый берген адаммен бірге оны алған адам да тартылады. Олардың бағасы 5 мың теңгеден аспаса да, айыппұл көлемі өзгерметін көрінеді: сыйлық ұсынған адам жарты миллион теңге төлуіне мәжбүр болады. Ал сыйдан бас тартпаған шенеунікке одан үш есе көп айыппұл тағайындалады. Мысалы, бұған дейін алматылық жеті тұрғын осындай жазаға тартылыпты. 

"Осындай оқиғалардың бірі ретінде қалалық кіріс бөлімі басқармасының жетекшісіне 2 мың теңгелік пара берілгендігін мысалға келтіруге болады. Нәтижесінде сол уақытта 481 мың теңгені құрайтын 200 АЕК көлемінде айыппұл тағайындалды. Сол сияқты алкоголь лицензиясын кері қайтарғанға алғыс ретінде берілген бір қорап кәмпит азаматшаға 500 мың теңгелік айыппұлға айналды", - деді Алматы қалалық жемқорлыққа қарсы департаментінің жетекшісі Данияр Таумұрат.

Мұндай айыппұлды ұстазға сыйлық сыйлау арқылы алғыс білдірген оқушылардың ата-аналары да арқалауы мүмкін көрінеді. 

"Қазіргі таңда тәтті алған ұстаздар да жауапқа тартылатын болады. Біз бұл туралы үнемі ескертіп отырамыз. Бүгінгі күні ұстаздар оқушыдан сыйлыққа қалам немесе қарандаш алудан қашады. Себебі бұның арты жауапкершілікке алып келетіндігін біледі", - деді «URPAQ» жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайыржан Тоқұшев.

Егер қызметкерлерге сыйлықты мәжбүрлеп ұсынып немесе тастап кеткен жағдайда жұмысшылар одан бас тартып, арнайы қорға әкеп өткізсе болады екен. Алматыда 2017 жылдан бері 28 сыйлық қорға табысталыпты. Олардың қатарында құны 1 млн. 800 мың теңгені құрайты бағалы «Ролекс» фирмасының қол сағаты бар көрінеді. Мұндай сыйлықтар арнайы ұйымдастырылған аукциондарда сатылады. 

"Құны 1 миллионнан асатын қол сағаттары, бірегей тиындар жинағы мен қымбат картина тағысы тағы бар. Бұған қоса азық-түлік өнімдері де келіп түседі", - деді Алматы қалалық департаментігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру бөлімінің жетекшісі Ерлан Алдонғанов. 

Дегенмен осы жылы қорға бағалы сый әлі келіп түспеген. Жемқорлыққа қарсы күрес үйымының қызметкерлерінің айтуынша, бұл олардың талмай еңбектенгенінің нәтижесі. Бірақ олар көзден таса қалатын сыйлықтарды табыстау рәсімі қазіргі кезде де бар екендігін жоққа шығармады. 

Бұған дейін инспекторға 5 мың ұялы бірлік салғаны үшін Атырау тұрғыны әйел 500 мың айыппұл төлейтін болғаны айтылған еді. 

Талқылау