Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы үйлер қуатты жер сілкінісіне төтеп бере ала ма – Маман жауап берді

Сәулетші Алмас Ордабаев Алматыда қуатты жер сілкінісі болса, 1970-жылдары салынған үйлер төтеп беруі мүмкін екенін айтады. Сонымен қатар жаңадан салынған үйлердің құрылысы барлық талапқа сай болса, зілзалада құламауы керек деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Inbusiness.kz басылымына сілтеме жасап. 

алматы

Сәулетшінің сөзінше, Алматыдағы бес қабатты панельді үйлер де қатты жер сілкінісі кезінде төтеп бере алады.

"Негізінде ең сенімдісі – жаңа үйлер. Дегенмен дұрыс салынуы керек. Олардың құрылысы қаншалықты талапқа сай жүргізілгенін біз білмейміз. Жер сілкінісіне 1970-80 жылдары салынған үйлер төтеп бере алады деп айтамыз. Қала орталығындағы каркасты-кірпіш үйлер, мәселен Төлебаев көшесінде бес қабатты үйлер әлі 50 жылдан көп уақыт тұрады. Олардың іргетасы мен жабыны жақсы. Норма бойынша қолдану мерзімі 50 жыл деп көрсетілгенімен, 80-100 жыл тұрады. Панельді үйлердің бірінші қабатында жоспар өзгертілмесе, тағы 70 жыл тұрады", – деді ол. 

Маманның айтуынша, Алматы кеңес өкіметі кезінде монолит үйлер салынған алғашқы қала болған. Мұндай үйлер бірінші рет Самал шағынауданында салыныпты. Сәулетші бұл үйлердің берік екенін және 100 жыл тұратынын айтады. 

Сәулетші үйлерді жер сілкінісінен қорғау үшін ғимараттарға сараптама жүргізу керегін айтады. Бұл үшін арнайы рентген секілді құрылғы да бар екен. 

"Қаладағы әр ғимаратқа сараптама жасау қымбатқа түседі. Егер мемлекет жауапкершілік алып, сараптама, үйлерді нығайту, адамдарды көшіру жұмыстарын жүргізбесе, салдары ауыр болады. Зілзала құрбаны он мыңдаған адам болуы мүмкін", – деп қосты сәулетші. 

Болжам бойынша әр 100 жыл сайын Алматыда қуатты жер сілкінісі болу керек. Маман соңғы дүлей зілзаладан кейін 100 жылдан астам уақыт өткенін қосып өтті. 

"Бірақ мұнда қорқудың керегі жоқ. Мұндай апаттың болатынын білу керек әрі төтенше жағдайда қалай әрекет ету керегін меңгерген жөн. Сонымен қатар пәтерде жиһаз жеңіл болуы қажет және қабырғаға бекіту керек. Әйтпесе, құлаған жағдайда адамды өлтіруі мүмкін. Темір есік қою қауіпті. Жер сілкінісі кезінде ашылмай қалуы ықтимал. Сондықтан жақтауы мықты есік алған дұрыс. Дегенмен мұндай есік қымбатқа түседі", – деді Алмас Ордабаев. 

Сәулетші өз сөзінде Алматыдағы геологиялық тұрғыдан берік аймақты да айтып өтті. 

"Солтүстікте Абай даңғылынан оңтүстікте Жібек Жолына дейінгі аймақта үйлердің орналасқан негізі берік. Бұл – Алматыдағы ең қауіпсіз аймақ, себебі тұрғын үйлер тасты негізге салынған. Жібек жолынан солтүстікке қарай топырақ нашарлай түседі, себебі жауын-шашыннан кейін топырақ су сіңіреді. Әл-Фараби даңғылынан жоғары үй салу өте қауіпті, себебі қауіпсіз негізге дейін жете алмайсыз. Ондаған метр қазу керек, ал бұл қымбатқа түседі", – деп түйіндеді маман. 

Назархан Уән
Сейсенбі, 07 Ақпан, 2023 09:05