Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда AFD Plaza элиталық тұрғын үй кешенінің барлық тұрғынын қарыз үшін жарықсыз қалдырды

Фото: Яндекс карта

Алматыда тұрғындар AFD Plaza тұрғын үй кешенінің жарығын толық өшіріп тастағанына наразы. Сөздерінше, компания оларды қарыз деп отыр, алайда олар берешектің қайдан шыққанын түсінбей дал. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

AFD Plaza тұрғын үй кешенінде жарық өшкенінен 200 шақты тұрғын зардап шегіп отыр. Өйткені мұнда 11 жиырма бір қабатты үй бар. 

Оқиға туралы адвокат Анна Чернова мәлімдеді. Электр энергиясын жеткізуші компания меншік иелерінің бірлестігінің 36 миллион теңге қарыз екенін айтыпты. Ал меншік иелерінің бірлестігі ешқандай қарыз жоқ дейді.

“Ол жерде қазір хаос. Электр энергиясын жеткізуші МИБ 36 миллион қарызы барын айтады, ал төраға қарыз жоқ деп мәлімдейді. Бірақ түптеп келгенде зардап шегетін – тұрғындар.

Қорқынышты жағдай, өйткені жарықты ретсіз өшіру – біреудің заңсыз әрекеттері үшін бірнеше мың тұрғынға зардап тигізу. Алматы қаласының әкімдігі осыған араласып, реттеу керек деп ойлаймын. Соңғы кездері жауапсыз төрағалар тым көп, олардың кінәсінен он мыңдаған азамат зардап шегіп жатыр. Қаладағы көптеген үйлерде осындай жағдай болады.
Қала басшылығының шамамен жауабын білемін, “жиналыңдар, сотқа барыңдар және басқа да дәлелдер келтіріңдер” дейді”, – деді адвокат.

Тұрғындар компаниялардың қатесінен қиналып отырғандарына шағымданып, әкімдіктен көмек сұрайды. Өйткені оларға жарық өшетіні ескертілмеген.

Stan.kz тілшісі жағдайға қатысты “Алатау Жарық Компаниясынан" түсініктеме сұрады.

"Алатау Жарық Компаниясы" мәліметінше, 14 мамырдағы жағдай бойынша "AFD Plaza 21" 25 636 835,67 теңге қарыз. Оның ішінде мемлекеттік баж салығы – 224 064,80 теңге.

“Аталған берешек 2021 жылғы қарашадан бастап қалыптасқан. Сол кезден бастап МИБ (меншік иелерінің бірлестігі) тұтынған электр энергиясы үшін ай сайын толық төлем жасамаған, соның салдарынан берешек жиналған. Қазақстанда берешек үшін электр энергиясын ажыратуды реттейтін нақты ережелер бар.

Энергиямен жабдықтаушы ұйым тұтынушыны алдын ала хабардар ете отырып, электр энергиясын беруді тоқтатуға құқылы. Жеке тұлғаларға (тұрмыстық тұтынушыларға) – ажырату күніне кемінде 30 күнтізбелік күн бұрын, ал заңды тұлғаларға және электр энергиясын тұрмыстық емес мақсатта пайдаланатын тұтынушыларға – кемінде 5 жұмыс күні бұрын”, – делінген хабарламада.

Абоненттерге берешек сомасының бар-жоғын алдын ала тексеріп, ақпаратты нақтылау үшін 356-99-99 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығына жүгіну ұсынылды.

Компания жарық қайта қосылғанын мәлімдеді, себебі жартылай төлем жасаған. Бірақ берешек әлі толық жабылмапты.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 15 Мамыр, 2025 11:16
Талқылау