Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оқушылардың қалауы болған: Алматылық мұғалім білім алушылармен бірге сабақта теңіз шошқасын сойған

Алматыдағы мектептердің бірінде мұғалім ішкі мүшелерін көрсету үшін сабақ кезінде мектеп оқушыларымен бірге теңіз шошқасын сойған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Liter.kz порталына сілтеме жасап. 

Оқушылар сабақ процессін видеоға түсіріп желіге жүктеген. Мұнда мұғалім алдымен тірі кеміргішке бірнеше соққы жасап, кейін тіршілік белгісі кеткеннен соң денесін бөлшектеуге кіріскен.  

Жануарларды қорғаушылар мұндай садистік оқыту әдістерін қолданатын мектеп директоры мен мұғалімін жазалауды талап етеді.

Алматы қалалық білім басқармасы оқиғаның “125 Almaty" ЖШС жеке мектебінде 17 ақпанда 10-сыныпта биология пәнінен қосымша практикалық сабақта болғанын хабарлады.

20 ақпанда мән-жайды анықтау үшін әкімдік қызметкерлері білім ошағында болған.

“Мұғалім студенттердің қалауы бойынша теңіз шошқасының ішкі мүшелерін көрсету мақсатында "анатомия және физиология" бөлімін қорытындылау мақсатында аутопсиямен практикалық сабақ өткізген. Мұндай фактілердің алдағы уақытта қайталанбауы үшін мектеп ұстаздарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, мектеп әкімшілігіне қоршаған ортаға құрметпен қарауды қалыптастыру және жануарларға қатыгездік көрсетудің алдын алу бойынша мектепішілік бақылау мен тәрбие жұмысын күшейту бойынша ұсыныстар берілді”, –  деп хабарлады білім бөлімі.

Нәтижесінде биология пәнінің мұғалімі өз еркімен жұмыстан кетті.

Ал мектеп басшылығы биология пәнінде теңіз шошқалары мен егеуқұйрықтарға бұрын-соңды болмаған тәжірибе жасағанымыз үшін кешірім сұрады. 

 

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 21 Ақпан, 2023 13:49