Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда көліктегі адамдарды ыстық судан құтқарған жүк көлігінің жүргізушісі марапатталды

Алматыда жылу жүйесі жарылып, салдарынан көшені су басқанда 5 адамға көліктен шығуға көмектескен ер адам марапатталды. Жетісу ауданының әкімі Мақсат Қиқымов 29 жастағы Қамран Әлиевке алғыс хат табыстады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Алматыда көліктегі адамдарды ыстық судан құтқарған жүк көлігінің жүргізушісі марапатталды

Еске сала кетсек, күні кеше қаладағы Бөкейханов көшесінің Райымбек даңғылына жақын жерінде жылу жүйесі жарылып, салдарынан үш көлік суға батып қалған еді. Осы кезде жүк көлігінің жүргізушісі Қамран Әлиев суға батқан көліктердегі адамдарға көмекке келіп, олардың шығуына көмектесті. 

Өз кезегінде Жетісу аудандық әкімдігі ер адамның әрекетін назардан тыс қалдырмады. Аудан әкімі Мақсат Қиқымов жүк көлігінің жүргізушісіне алғыс хат табыстады. 

«Сіздің батырлық әрекетіңіз Жетісу ауданының тұрғындары, жастары мен құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін азаматтық парызын, ауыр жағдайға тап болған жандарға көмек көрсетудің үлгісі болатынына сенеміз», - делінеді алғыс хатта.

Ал Қамранның өзі өзін батыр сезінбейді. Ол өзінің орнында болған кез келген азамат осындай әрекетке баратынына сенімді. 

Сонымен қатар әкімдіктегілер оқиға орнында бірінші болып табылған полиция қызметкері Айдос Қарақбаевқа алғыс хат табыстады. 

«Ол Қамранның көліктерге қарай беттегенін көргенде оған көмек қолын созбақ болып, сол жаққа жүгірді. Алайда су тым ыстық еді. Сондықтан ол көлікке жете алмай, кері қайтуға мәжбүр болды. Оның аяғы бірінші дәрежедегі күйік жарақатын алған», - дейді Мақсат Қиқымов. 

Талқылау