Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда автобус жүргізушісімен төбелесіп, қашып кетпек болған жігітті көлік қағып кетті (видео)


Алматыда автобус жүргізушісімен төбелесіп, жолды қиып өтпек болған жігітті джип қағып кетті. Осы оқиғаның видеосы желіде қазақстандықтардың арасында қызу талқыланып жатыр, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі. 

ТЖ Төле би - Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы аялдамада орын алған. Желіде тараған видео кадрларынан азаматтың жасы ұлғайған кісімен сөзге келіп қалғанын көруге болады. Беті қанталап кеткен жүргізуші электросамокатты иесінен тартып алуға, полиция келгенше жігітті оқиға орын алған жерде ұстап тұруға тырысады. Сосын ол жігітті ұялы телефонының камерасына түсіре бастайды. Жүргізушінің уысынан сытылып шығып, самокатымен жолдан өтпек болған жігітті джип қағып кетеді. 

Автобустың ішінде түсірілген екінші видеода төбелестің кімнің және не үшін бастағаны бейнеленген. Электросамокат мінген қала тұрғыны қоғамдық көлікке мініп, автобус айдап келе жатқан жүргізушіні бір ұрған. Осыдан кейін жүргізуші қоғамдық көлікті тоқтатып, өзіне қол көтерген қала тұрғынын тәртіп сақшылары келгенше ұстап тұруға тырысқан. 

CityBus автобус паркіндегі қызметкерлердің хабарлауынша, жүргізішінің денсаулығына зақым келген. Оның миы шайқалған, тісі түсіп, ерні жыртылған. Жәбірленген ер адам құқық қорғау органдарына арыз жазды. 

"Бұл факт Алмалы ауданындағы Полиция басқармасында тіркелді. Автобус жүргізушісі бесінші МКА-ға жеткізілді. факт бойынша анықтау жұмыстары жүргізілген соң, оқиғаның анық-қанығы белгілі болады", — деді Алматы қаласындағы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Талқылау