Алматыда алкогольсіз сусын өндіретін ғылыми орталық ашылды
2019 жылдың 23 қазанында Алматы технологиялық университетінде «Жастар жылына» арналған «JasStar» жобасы аясында алкогольсіз сусын өндірісі бойынша оқу-ғылыми орталықтың салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жобаның серіктесі ретінде EFES Kazakhstan жабдықтарды сатып алуға және аудитория жаңартуға қолдау көрсетті. Сыра қайнатуға арналған жабдық Чехиядан сатып алынды, монтаждау және іске қосуды өндіріс зауытынан арнайы келген мамандар жүзеге асырған.
Іс-шараға Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов, EFES Kazakhstan басшылығынан Зейнеп Эркан Альп, Фатих Тексал, Чингиз Каскеев және Станислав Вериш және өнеркәсіп кәсіпорындарының жетекшілері мен жетекші мамандары қатысты. Шара барысында арнайы шақырылған қонақтар дайындалған сыраның бірнеше түрінен дәм татып, технопарктың цехтарын аралады.
Ашылған орталықтың негізгі мақсаты – студенттердің тәжірибе жинауына мүмкіндік беру, жастардың ғылымға деген құлшынысын ояту. Мұнда Қазақстан мен шет елдердің жетекші кәсіпорындарының жоғары санатты кәсіпқой технологтары студенттерге арналған оқу семинарлары мен алкогольсіз сусындар өндірісі бойынша семинарлар өткізетін болады. Студенттердің мұндағы тәжірибелік жұмысы сыра өндіру процесін толықтай қарап үйренуге, ашытқының үгітілуінен бастап, дайын өнімді шығаруға дейінгі процестерін бақылауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, шара барысында АТУ ректоры Талғат Құлажанов және Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов тағам, жеңіл өнеркәсібі және мейрамхана-мейманхана бизнесі саласы үшін жұмысшы мамандарды бірлесіп даярлау мәселесін талқылады.