Алматыда 230-дан аса адамды көлік алып беремін деп алдаған алаяқ енді жансақтау бөлімінде жатыр
Алматыда автокөлік алаяқтығына қатысты іс бойынша сот өтіп жатыр. Жәбірленушілер саны – 232 адам, ал айыпталушы біреу ғана. Сот басталғанға дейін ол бірден реанимацияға түсіп қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Мәліметтерге сенсек, жәбірленушілердің бәрінде жаңа автокөліктердің құжаттары бар. Бірақ олар сол көліктерді көзбен көрмеген. Іс сотқа жеткендей болғанымен, қазір жалғыз айыпталушының жағдайы ауыр екені анықталды.
Жәбірленушілердің бірі Еркеғали Мақсұтов іс насырға шауып, қазір айыпталушы ауруханада хал үстінде жатқанын айтады.
"Ол жансақтау бөліміне жатқызылды. Құдайға шүкір, операциясыз аман қалды. Мен бір тұжырымға келіп отырмын. Ермаханбет өмірден өтсе, жәбірленушілерден басқа бәріне оңай болар еді. Себебі көлік сатушылардың да, банк қызметкерлерінің де, құқық қорғау органдарының да жұмыстары азаяр еді", – деді жәбірленуші.
Айта кетейік, ақпанда 230 жәбірленуші істің толыққанды тергелуін және барлық қатысы бар адамдардың тұтқындалуын талап етті. Келтірілген шығын мөлшері – 5 миллиард теңге, 500 көлік ұрланған. Схема өте қарапайым болған. Адамдарға бір-екі автокөлікті несиеге алуды ұсынып, кейін оларды айыпталушыға жалға беруге шақырған. Бірақ кейін сол көліктер қайта сатылып отырған.
Жәбірленуші Әлия Керімбекованың айтуынша, олар әділдікке қол жеткізгісі келеді.
"Банк қызметкерлерінің де айыпталушылар қатарында болғанын қалаймыз. Өйткені бұл банк қызметкерлерінің ғана емес, біздің көліктерімізді айдап әкеткен адамдардың да кінәсі. Бәлкім, кеденде де олардың сыбайластары болған шығар", – деді Әлия Керімбекова.
Кей жағдайларда алаяқтар жұмыссыз студенттер мен психикалық ауытқуы бар адамдардың атына да несие рәсімдеген. Тексерусіз және кезексіз несие берілген. Жәбірленушілер бұл жағдай бір ғана айыпталушының қолынан келмейтінін оған банк менеджерлері, кеден және аукцион қызметкерлері көмектескенін айтып отыр.
Жәбірленушілердің адвокаты Ғабит Өмірбек қазір тергеу осы қылмыстық істің аясында тағы бір қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді.
"Біз қазір прокуратураға келіп, банк қызметкерлеріне, делдалдарға, кеденшілерге қатысты жаңа істі аудандық полиция деңгейінде емес, ішкі істер министрлігіне беруді талап етіп жатырмыз. Өйткені бұл аудандық полиция деңгейіндегі іс емес. Аудандық полиция бұл қылмыстарды аша алмайды”, – деді адвокат.
Қалалық прокуратура да жәбірленушілерді қабылдады және жаңа қозғалған істің қалалық полиция департаментіне берілетінін мәлімдеді. Сонымен қатар азаматтар өз өтініштерін ұлттық қауіпсіздік қызметіне де қалдырды. Іс бойынша адвокаттар мен жәбірленушілер тергеуге мұқият қарауды өтініп, айыпталушының тағдыры ғана емес, сондай-ақ зардап шеккен отбасылардың тыныштығы мен тәртібіне алаңдайтынын білдірді.
Еске салайық, бұған дейін ішкі істер министрлігі азаматтар мен мемлекетке миллиондаған шығын келтіріп, 150-ден аса көлікті заңсыз тіркеген арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерін және олардың делдалдарын ұстады. Топ көлік құралының бірегей кодын өзгерту және құжаттарды қолдан жасау арқылы автокөліктерді тіркеген. Осылайша VIN-кодтарды өзгертумен айналысқан жерасты цехының жұмысы әшкереленді. Тіркеуге заңсыз қойылған 150-ден астам автокөлік анықталды.
“2 миллиард теңгеге жуық“: Қазақстан өңірлері 2026 жылды қарсы алуға қанша қаражат жұмсайды?