Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында суға зар болған жұрт тасжолды жауып тастады

Алматы облысында суға зар болған жұрт тасжолды жауып тастады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

10 жылға жуық уақыт бойы су мәселесін шеше алмай жүрген Бесағаш ауылының тұрғыдары Талғар тасжолын жауып тастаған. Олар басқа амалымыз қалмады деп отыр. Күннің ыстығында қаталаған 1600 отбасы шенеуніктерден жауап күтуде.

"Зейнеткермін. 75-гі кемпірмін, үйде шай ішіп отыратын. Ал мен қаңғып жүрмін су іздеп. Алматыдан 3 километр жерде тұрамыз. Бұл қалай, қарағым? Ішімізге сыймайды. Балалар қазір демалыста. Олар апамызға келеміз деп отыр. Келме деп айттым. Су жоқ", - дейді Бесағаш ауылының тұрғыны Нұржамал Күмісбаева.

"Тасқұм-су" жекеменшік компаниясының құзырындағы ауыз суды ала алмай отырған халық осылайша ашынған. Алайда суға жауапты компанияның электр жарығын қолданғаны үшін 10 миллион теңге берешегі бар көрінеді. Маусымдық шара болғандықтан халыққа ауыз су жетпей отыр деп түсіндірді аудан әкімі.

" "Тасқұммен" келісім жасап жатырмыз. Біздің Талғардың водоканалы бар. Соның балансын беріп, бір жүйеге келтіргеннен кейін жөндеу жұмыстарын жасап, ауылдардың қажеттілігін қамтамассыз ету үшін бюджеттік өтінім жасаймыз", - дейді Талғар ауданының әкімі Рыскелді Сәтбаев.

Шенеунік аптаның соңына дейін бұл мәселені шешіп, ауыз судың халыққа жетуін қамтамассыз етуге уәде берді. 

Талқылау