Алматы әуежайында Атыраудан ұшып келген жасөспірім жазаланды
Алматы әуежайында 17 жастағы жолаушыға ұшақ бортында темекі шеккені үшін айыппұл салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Полицияның хабарлауынша, "Эйр Астана" әуе компаниясының Атырау-Алматы бағытындағы рейсі келгеннен кейін құқық бұзушы әуе кемесі командирінің актісі бойынша Алматы әуежайындағы желілік полиция бөліміне тапсырылған.
"Ол 17 жастағы Атырау қаласының тұрғыны болып шықты, ұшу кезінде ұшақтың дәретхана бөлмесінде темекі бұйымын қолданған. Құқық бұзушыға заңды өкілдерінің қатысуымен ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабының 1-2 тармағы "Әуе кемесінің бортында электронды жүйелерді пайдалану арқылы темекі өнімдерін тұтыну" бойынша әкімшілік жаза тағайындалып, 10 АЕК (34 500 теңге) көлемінде айыппұл салынды", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, кәмелетке толмаған жасөспірімнің заңды өкіліне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы "Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу мен оқыту, құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау" бойынша әкімшілік іс қозғалып, 10 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.