Алматы әуежайындағы "Француз үйін" тонаған ерлі-зайыптылар ұсталды
Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде Алматы әуежайындағы дүкенді тонаған ерлі-зайыпты ұсталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 5-6 қаңтарда қарақшылықпен Алматы әуежайын басып алған кезде ғимаратта орналасқан сауда нүктелері зардап шеккен. Соның ішінде "Француз үйі" дүкенінен 17 миллион теңгеден аса сомаға тауар ұрланған.
Полицейлер дүкен тонаған отбасыны анықтап, ұстады. Олар ұрланған тауарды үйде ұстап, кейінірек сатуды жоспарлаған. Алынған заттай дәлелдемелер 1,5 миллион теңгеге бағаланады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
35 жастағы ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал оның 33 жастағы азаматтық некедегі жұбайынан кәмелетке толмаған екі баласы болуына байланысты ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды. Ұрланған тауарлар иесіне қайтарылды.
Дүкен директоры Алматы әуежайындағы Полиция департаменті пен желілік полиция бөлімі қызметкерлеріне алғыс білдірді.