Алынбайтын қамал: Ливерпуль Чемпиондар лигасының алғашқы матчында Реал Мадридке тағы да есе жіберді
УЕФА Чемпиондар лигасының 1/8 финалдық кездесуінде ағылшындық Ливерпуль испаниялық Реал Мадрид командасына өз алаңында ойсырай жеңілді. Үздіксіз голдар сериясымен жалғасқан ойын 2:5 есебімен аяқталды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ойын өте қызу басталған. Алаң иелері алғашқы минуттардан бастап жоғары прессингпен ойнап, қарсыластарына қатты қысым көрсетті. Осының арқасында ойынның 4-минутында Салахтың пасын керемет пайдаланған Нуньес өкшесімен тамаша гол салып, ойынның есебін ашты. Бір қарағанда барлығы Ливерпуль бапкері Юрген Клопптың ойлағанындай жүріп жатқандай еді. Командасы алаңды бақылауға алып, есепте алда шыққан.
Арада тағы 10 минут өткенде испаниялық клубтың мақтаулы қақпашысы Куртуа командаласынан пасты қабылдау кезінде өрескел қателік жіберді. Допты аяғынан алыс алып алған оның қателігін Салах кешірген жоқ. Қаңғыған допты бірден қақпаға дарытқан ол есепті 2:0 жеткізді. Осылайша Ливерпуль 14-минутта екі доп айырмашылығымен алда тұрды.
Алайда қызыл жейделілердің қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Ойынның 21-ші минутында қапталдан доп алған шабуылшы Винисиус керемет техникасын көрсетіп, допты алыс бұрышқа айналдыра салды. Реалдықтар есепті бір доп айырмасына қысқартты. Барлығы қайта басталғандай еді, бірақ жоқ жерден Ливерпульдің қақпашысы Алиссонның да жүйкесі сыр берді. Командаласы Гоместен пас алған ол допты алысқа теуіп жіберудің орнына допты қуып келген Винисиустың аяғын дәлдегендей болды. Қарсыластың денесінен қайта серпілген доп қақпаның ішінен бірақ табылды. Есеп 2:2. Ойынның 36-минуты өтіп жатты. Енді шынымен де барлығы қайта басталған еді.
Осыдан кейін бірінші таймда басқа гол болмады. Алайда ойынды жоғары қарқынмен бастаған Ливерпульдің арыны басылып қалғаны сезілген.
Юрген Клопп үзілісте өз командасына не айтқанын білмейміз. Бірақ оның бірінші таймдағы қателіктерін сынап, жігіттерге сөзбен жігер бергені сөзсіз. Алайда Ливерпуль екінші тайм бастала салып, арада 2 минут өткенде үшінші голды жіберіп алды.
Қорғаушы Джо Гомес айып алаңына жақын маңда ережені бұзып, қарсыластарының стандарт орындауына мүмкіндік береді. Ливерпульдің ойыншылары қақпаның жанына қатты жақын ығысқаны соншалық, бұл қарсыластың қорғаушысы Милитаоға ашық аймақ сыйлап берді. Өзгелерден қара үзіп, алаң ортасына дейін келген оған Модрич пас беріп, қорғаушы қақпаға допты басымен тоғытып жіберді. Есеп 2:3.
Екінші таймда Ливерпульдің ойыны мүлдем жүрген жоқ деп айтуға толық негіз бар. Себебі, бірінші таймда қарсыластарын өз алаңында қуалап жүрген олар екінші таймда өз айып алаңдарынан шыға алмады. Есесіне мадридтіктер жоғары қысымды қосты.
Ойынның 55-минутында Ливерпульдің айып алаңында еркін пас алмасқан Кәрім Бензема қақпаға соққы бағыттады. Доп қорғаушы Гоместің аяғына тиіп, рикошетпен қақпаға кіріп кетті. Алиссон бұл жолы командасын құтқара алмады. Есеп 2:4 жетті.
Есеп айырмасы өскен сайын қызыл жейделілер де жиі қателесе берді. Әсіресе алаңның ортасында жасалған қателіктер кешірілмейтін еді. Осындай қателіктің бірінде жартылау қорғаушы Байчетичтен допты тартып алған Модрич айып алаңына жақындап келіп Винисиусқа ал ол Бенземаға пас берді. Француздың тәжірибелі шабуылшысы болса Алиссонды алдап өтіп, бос қақпаны тура дәлдеді. Есеп 2:5 болды. Ойынның 67-минуты өтіп жатты. Энфилд өртеніп жатты. Өкініштен...
Ойын тағдыры шешіліп қойғаны түсінікті болды. Өйткені есеп айырмасын қысқарқатын қызылдардың ойыны жүрген жоқ, ал қонақтар тағы гол салуға құлықты болмады. Оның орнына олар көбірек қорғанысқа көңіл бөле бастады. Бірақ жоғары қысымды тоқтатқан жоқ.
Ал Юрген Клопп тың шабуылшыларды шығарып, барынша шабуылдауға тырысты. Бірақ есеп айырмасын қысқарта алмады.
Екі команда арасындағы жауапты матч 16 наурызда Мадрид қаласында өтеді.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік

