Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлібек Қуантыров Батыс Қазақстан облысындағы әлеуметтік нысандарды аралады

БҚО-ға жұмыс сапары барысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров "Ауыл – ел бесігі" шеңберінде іске асырылған жобалардың сапасын бағалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Аталған бағдарлама бойынша өңірде әлеуметтік нысандар салынып, жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылды. ҰЭМ басшысы Ақжайық ауданы Чапаев ауылындағы 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барды. Нысан 2020 жылы салына басталған. Алайда құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жұмыс тоқтатылған еді.

Жобаның құны – 445 млн теңге. Бүгінде жұмыс 90% орындалған: жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр. Нысан әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг (KPO) қаражаты есебінен салынуда. Сондай-ақ ол кентішілік жолдардың ағымдағы жағдайымен танысып, 2019 жылы күрделі жөндеу жүргізілген балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне барды.

Екі қабатты ғимаратта спортпен шұғылдануға барлық жағдай жасалған, кең залдар, киім ауыстыратын және жуынатын жылы бөлмелер бар. Барлық секциялар тегін. Мұнда 1500-ден астам оқушы спортпен айналысады.

Жаттықтырушылар әртүрлі спорт түрлерінен Қазақстанның чемпиондарын және жүлдегерлерін тәрбиелеген.

Осы жылы "Ауыл – ел бесігі" шеңберінде Батыс Қазақстан облысында 15 жобаны жүзеге асыруға 4,8 млрд теңге бөлінді.

Сондай-ақ сапар барысында Әлібек Қуантыров кәсіпкерлермен кездесу өткізді.

Атап айтқанда, өңірдің бизнес қоғамдастығы құрылыс саласын одан әрі дамыту туралы өтініш жасады. Ведомство басшысының айтуынша, құрылыс индустриясы экономиканың негізгі салаларының бірі, бұл бағытта Үкімет те үлкен жұмыс атқаруда.

Сондай-ақ, кездесуде ШОБ субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету, білікті кадрлардың тапшылығы, электрокарлардың дамуын ынталандыру, туристік қызмет нысандарын реконструкциялау, авиабилеттердің құнын субсидиялау және т. б. мәселелер көтерілді.

Талқылау