Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алаяқтар енді азаматтарға жұмыс орнында тексеріс жүріп жатқанын айтып хабарласа бастаған

алаяқтық жаңа түрі

Фото: ДЕЙТА

Қаржылық мониторинг агенттігі алаяқтықтың жаңа түрлері туралы ескертті. Енді алаяқтар азаматтардың жұмыс орындарында тексеріс жүргізіліп жатқаны туралы жалған хабарламалар таратып, құжаттарды ұсынуға және "ынтымақтастыққа" шақырады екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алаяқтар көбіне орта және жоғары оқу орындарында тексеріс жүргені туралы айтады екен. Ал құрбанын сендіру үшін бұл хаттар Қаржылық мониторинг агенттігінің жалған логотиптері бар жалған бланкілерге басылып, жалған мөрлермен бекітіледі.

Кейін олар өзін ҚМА қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарға хабарласып, банк шоттары туралы мәліметтерді алдап алуға тырысады. Сондай-ақ жалған ҚМА қызметкерлері мессенджерлер арқылы азаматты тексеріліп жатқан тұлғалар тізімінде бар деп хабарлап, ақша бопсалау жағдайлары да тіркелген. Азаматтардың шағымдарында жиі қайталанатын тегі: "Мыктыбаев", "Хамзин", "Жалимов", "Жалимбетов”, – делінген хабарламада. 

Осы орайда Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға мына жайттарға назар аудару керегін айтады:

– мұндай тексерістер жүргізбейді;

– ресми хабарлама жібермей телефон арқылы жеке деректерді сұрамайды;

– жеке тұлғаларға телефон шалмайды;

– ақша аударуды талап етпейді;

– тек заң аясында әрекет етеді.

“Азаматтарды мұқият болуға, арандатушылық пен алаяқтардың айласын елемеуге шақырамыз. Күмән туған жағдайда 1458 нөмірлі Call-орталығына немесе +7 (727) 279-20-86 нөмірі бойынша кезекші бөлімге дереу хабарласу қажет”, – деп қосты ҚМА баспасөз қызметі. 

Назархан Уән
Сәрсенбі, 17 Қыркүйек, 2025 08:21
Талқылау