Ақтөбеде вице-министр Айзада Құрманова мәдениет және азаматтық қоғамды дамыту мәселелерін талқылады

Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова өңір тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке қабылдау жасады.
Кездесуге қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен белсенді азаматтар қатысты. Іс-шара барысында вице-министр мәдениет, медиа және азаматтық қоғамды дамыту бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Айзада Құрманованың айтуынша, әдебиетті дамыту, оқырман мәдениетін қалыптастыру және кітап индустриясын өркендету – министрліктің негізгі басым бағыттарының бірі. Соңғы жылдары бұл салада бірқатар нақты жобалар жүзеге асқан. Атап айтқанда, Үкімет қаулысымен 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бекітіліп, "Жүз кітап" жалпыұлттық сауалнамасы өткізілді.
Сонымен қатар, вице-министр киноиндустрияны дамыту мәселесіне тоқталып, кинотеатрларда көрсетілетін фильмдердің мазмұндық сапасына бақылау күшейтілгенін және ұлттық киноны қолдау тетіктері заңнамалық деңгейде жетілдіріліп жатқанын атап өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мәдениет саласында цифрландыру жобалары жүзеге асырылуда. "E-museum" және "е-Архив" платформалары іске қосылып, мәдени нысандарға электронды билет жүйесі мен өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары орнатылуда.

Айзада Құрманова сондай-ақ мәдени мұраны сақтау және насихаттау бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Қазіргі таңда Қазақстанның 10 тарихи және мәдени ескерткіші ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген.
Ақпараттық кеңістік туралы айта келе, вице-министр контент жасаушылардың жауапкершілігі артқанын, жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік күшейтілгенін айтты. Сонымен қатар ақпараттық мәдениетті арттыру мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар атқарылып жатыр.

Кездесуде азаматтық қоғамды дамыту, үкіметтік емес ұйымдарды қолдау және волонтерлік қозғалысты ілгерілету мәселелері де қаралды. Бүгінде елде 23 мыңнан астам ҮЕҰ тіркелсе, оның 5 мыңы белсенді жұмыс істейді.
Вице-министрдің айтуынша, креативті индустрияларды дамыту туралы заңның қабылдануы шығармашылық саланың жаңа мүмкіндіктерін ашты. Өткен жылы елімізде 18 креативті орталық іске қосылған, оның бірі – Ақтөбедегі Сағи Жиенбаев атындағы облыстық кітапхана базасында жұмыс істеп тұр.

Сапар аясында Айзада Құрманова облыстағы мәдениет нысандарын аралап, кітапханаларды жаңғырту, цифрландыру және мәдени мұраны сақтау бағытындағы жұмыстармен танысты.
Сонымен қатар Айзада Құрманова 10-нан аса азаматтарды жеке қабылдап, сұрақтарын, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Барлық айтылған мәселелерге қатысты өз ойын білдіріп, шешімін табу заңнама аясында жүргізілетінін айтты.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік