Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда ер адам алты баласын асырау үшін көпқабатты үйдің шатырында тауық қора салған

Ақтауда ер адам алты баласын асырау үшін он қабатты үйдің шатырында тауық қора салған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Ладаға" сілтеме жасай отырып.

Тауық қора салу идеясы Русланға бір ай бұрын ойына келген. Оның себебі –  азық-түліктің қымбаттауы болды. 12-ықшамауданда орналасқан үйдің шатырының кілтін оған Пәтер иелерінің кооперативі берген. Ол енді тек құстарды ғана емес қояндары да асырап отыр.

"Төбеде қоқыс, қажетсіз заттар жатты. Бәрін реттедім, еден құйып, бұл жерді жылыттым", – деді ол.

Бастапқыда кейбір тұрғындар тамақ қалдықтарын әкеліп көмектескен. Алайда 10 қараша, сәрсенбіде ер адамға полиция келді. Көршілері түнгі уақыттағы дыбыстарға, жағымсыз иіске шағымданған.

Полиция ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы ("ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету ережелерін, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою ережелерін бұзу") және ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы ("Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру ережелерін бұзу, сондай-ақ қала мен елді мекендердің инфрақұрылым объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру") бойынша әкімшілік хаттама толтырды.

Талқылау