Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтау тұрғыны баласын қала сыртына түсіріп кеткен автобус жүргізушісін жазалауды сұрайды

Приморский ауылының тұрғыны 13 жасар ұлын ай далаға түсіріп кеткен автобус жүргізушісіне шағымданды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі lada порталына сілтеме жасап.

Бала аялдамасын байқамаған, ал жүргізуші соңғы аялдама туралы ескертпей, нәтижесінде оқушыны демалыс тұрағына барар жолда қалдырып кеткен.

13 жастағы оқушының анасы No5 маршруттық автобустың жүргізушісін ұлын қала шетіне тастап кетті деп айыптады. Әйел баланың абайсызда аялдамасын өткізіп алғанын, ал жүргізуші баланы кейін ай далаға қалдырғанын айтып шағымданды.

“24 ақпанда сағат 11:00-де No5 бағыттағы автобуста келеңсіз жағдай орын алды. Менің 13 жасар ұлым Приморский ауылына жаттығудан үйіне келе жатты. Приморский аялдамасы - бұл маршруттың соңғы аялдамасы. Бала бұл жолмен күнде жүреді және Приморский соңғы аялдама екеніне үйреніп қалған. Сондықтан ол телефонмен ойнап отырып, аялдамадан өтіп кеткен. Бірақ бұл жолы автобус әрі қарай жүріп, қала сыртына, әскери бөлімнің артына, Өмірзақ жол айрығына жақын жерде тоқтап, бұл соңғы аялдама екенін айтып, баланы жолға түсіріп, кетіп қалған. Ұлым тастап кетпеуін, Приморскийге апарып салуын өтінсе де жүргізуші оның демалыс тұрағына кетіп бара жатқанын айтып, бас тартқан”,- деді оқушының анасы.

Тұрғынның сөзіне қайта ұлының қолында ұялы телефоны болған. Бірақ “оның орнында байланыс құралы жоқ, кішкентай бала болса не істер еді” дейді әйел.

“Әртүрлі сайттардан табылған нөмірлер арқылы маршруттық диспетчерлерге қоңырау шалуға тырыстым, бірақ бірде-бір нөмір жауап бермеді. Әкімдікке, көліктік бақылау бөліміне телефон соқтым, олар мені тыңдап, басқа нөмірге хабарласу керектігін айтты, бірақ тағы да ешкім жауап бермеді. Соңында баланы өзіміз алып кеттік, әкімдік тарапынан бұдан әрі шара қолданылмады. Әрине мұқият болмаған ұлымның да кінәсі бар. Оған жеке түсіндіретін боламыз. Бірақ ата-анасына хабарласып ескертпестен, кәмелетке толмаған баланы ай далада қалдырып кеткен жүргізушінің бұл әрекеті жазалануын сұраймын”,- деп қосты ол.

Ақтау әкімдігі бұл факті бойынша тексеру басталғанын хабарлады.

“Оқиғаға қатты өкінеміз және сізден кешірім сұраймыз. Біз бұл істің мән-жайын анықтап жатырмыз”, - деді Ақтау әкімдігі.

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 25 Ақпан, 2023 16:55