Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

"Ақшасын алып, алдайды": Алматыда қыз-келіншектерді сан соқтырған ер адам іздестірілуде

Алматыда өзін қыз-келіншектерге Мұхтар Ерішев деп таныстырған 40 жастағы ер адам іздестірілуде. Ол қыз-келіншектерді алдап, сан соқтырып кетіпті. Алданғандардың арасында одан балалы болғандар да бар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

Сурет: КТК/скриншот

Алданғандардың бірі Әсел Сағатованың сөзінше, ол Мұхтар Ерішевпен әлеуметтік желіде танысқан. Артынша ер адам оған сезімін білдіріп, сеніміне кіріпті. Мұнан кейін ол Әселден кәсібін дөңгелету үшін ақша сұрап, үй алып беретінін айтқан. Осылайша Шымкент қаласындағы 3 бөлмелі пәтерін сатып, ақшасын депозитке салған әйел оның сөзіне сеніп, 10 миллион теңгені қолына ұстатады. Одан бөлек тағы 3 банктен несие алып берген. 

«Кредиттті төлеп отырдым. 140 мың әр ай сайын. Менің айлығым өзі 150 мың болатын. Ешқашан жұмыс істемеген. Зейнетақы шотында бір тиын жоқ. Әйелдердің ақшасын алып, соларды алдайды. Бар білетіні сол», – дейді Әсел Сағатова. 

Альфонстың мұндай айласынан Анар, Альфия, Аида есімді бірнеше қыз да алданған екен. Қазір олар Әселмен байланыста. Ер адам олардың бірінің көлігін алдап айдаса, қалғанына қарыз. Олардың арасында Ерішевтен сәбилі болғаны да бар. Ол алимент үшін ер адаммен соттасуда. 

Ал Әсел өз ақшасын қайтарғысы келеді. Ол барар жері болмағандықтан, 19 жастағы ұлымен бірге туған інісінің үйін паналауда. Алайда, айтуынша, тергеуші Сағындық Санжар істі сотқа жіберуге құлықсыз. Ерішев полицейлерге қарызға ақша алғанын мойындаған. Десе де іс 7 айдан бері сотқа жетер емес, дейді ол.

 «Істі сотқа жіберіп кейін ол кісіні ақтап шықса «біз жұмыстан кетеміз» дейді. Менің қолымда барлық дәлел бар. Прокуратураға 3-4 рет жаздым. 3-4 рет олар істі кейін қайтарды», - дейді Сағатова. 

Ал қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек алаяқтық бабымен іс қозғалғанымен, қылмыс құрамы анықталмағанын мәлімдеді. 

 «Себебі тараптар ақшаны қарызға бергенде өзара келіскен. Бұл - прокуродың шешімі. Арыз берушіге бәрі түсіндірілді. Әсел Сағатова азаматтық сотқа жүгіне алады», - дейді Әзірбек. 

Қыз-келіншектерді сан соқтырып кеткен Мұхтар Ерішев Ташкенттің тумасы екен. Ол әйелін үш баласымен тастап кетіпті. Бүгінде азаматтық некеде. 

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр