Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақшаны көміп тастады": СҚО-да ауыл тұрғындары жаңа су құбырын жүргізуге қарсы шықты

Солтүстік Қазақстан облысы Петерфельда ауылының тұрғындары ауыз су құбырын салуға қарсы шықты. Сөздерінше, шенділер халық пен бюджет қаржысын "көміп тастамақшы". Себебі мұнда 2 жыл бұрын ғана су құбыры  жүргізілген және құрылысқа 15 миллион теңге жұмсалыпты. Бұдан бөлек әр үй қосымша 500 мың теңгеден төлепті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Astana арнасына сілтеме жасап.

петерфельд

Петерфельд тұрғындары екі жыл бұрын ауылға келген ауыз суды үйге дейін кіргізу үшін несие алып, қосымша қаржы төлеген. Алайда жақында ғана жаңа су құбыры тартылатынын мәлімдепті. Тек суды үйге тарту үшін азаматтар қайта шығындалуы қажет екен. 

"Әкім "Колонка қойылады. Кімде ақша бар, суды үйлеріңе дейін тартып алсаңдар болады. Басқа құбырда су болмайды" деді. Барлығы заңды, есептеуіш қойып, келісімшарт жасастық. Енді келіп, судан ажыратынын айтып отыр", – дейді қала тұрғыны Олег Макшаров. 

"Біреу несие алды, біреу көлігін сатты, кейбірі қарызға алды. 2 жыл бойы сумен ешқандай мәселе болмаған. Су ағыны жақсы, мұны қадағалайтын адамдар да бар", – деп қосты Виктория Курбатова. 

Аудан әкімдігінің өкілдері алғаш рет санация әдісі арқылы жөндеу жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді, яғни жаңа құбырды ескі құбырға жалғаған. Бұл үшін жергілікті бюджеттен 15 миллион теңге бөлініпті. Жаңа жобаны 3 жыл бұрын бекіткен және мемлекеттік бюджеттен 400 миллион теңге бөлінген. Жоспар бойынша биыл құбыр салу жұмыстары аяқталып, 2023 жылы үйлерге су жүргізілуі тиіс.

"Биыл Петерфельд ауылын толық қамтитын жоба жүзеге асырылады. Толық қуатта жұмыс істейтін су тек тұрғын үйлерге ғана емес, мұнда орналасқан шаруашылықтарға да керек. Ал азаматтар айтқан қаржы мәселесіне келсек, магистраль үйлердің жанымен өтеді. Демек су тарту ақысы арзан болады, адамдарға тек құбырды жалғаса жеткілікті", – деп түсіндірлі Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Қуандық Шакубаев. 

Әкімдік су тарту жұмыстары арзанға түседі деп айтқанымен, азаматтар бұл сөзге сенбейді. Көпшілігі өткен жөндеу жұмыстарының ақысын толық төлемеген, сондықтан сусыз қала ма деп қорқады. 

Талқылау