Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысының әкімі медицина қызметкерлерін мерекелерімен құттықтады

Ақмола облысының әкiмi Ермек Маржықпаев денсаулық сақтау қызметкерлерін мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Құрметтi денсаулық сақтау қызметкерлерi мен ардагерлерi!

Баршаңыз кәсiби мерекелерiңiз — Медицина қызметкерлерi күнiмен шын жүректен шыққан ең iзгi құттықтауымды қабыл алыңыздар! Сiздердiң әрқайсыңыз өз өмiрлерiңiздi жер бетiндегi iзгiлiктi iс — халықтың денсаулығын сақтау iсiне арнадыңыздар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт денсаулығын қамтамасыз етудi басым бағыттардың бiрi ретiнде атап көрсеттi. COVID-19 дертiмен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлерiн ынталандыру үшiн Мемлекет басшысының тапсырмасымен 532 миллион теңге қаржы бөлiндi. Сондай-ақ, осы мақсат үшiн облыстық бюджеттен 80 миллион теңге қаржы бөлдiк.

Қазiргi аса күрделi кезеңде облысымыздың дәрiгерлерi қайырымдылық пен жанашырлықтың үлгiсiн көрсете жүрiп, азаматтарымыздың денсаулығын сақтау үшiн COVID-19 дертiнiң аймағымызға таралу қаупiне тоқсауыл қою жолында жанқиярлықпен еңбек етуде. Алғы шепте жүрген, тәулiк бойы және мереке күндерi өз жұмыс учаскесiнде еңбек етiп келе жатқан барлық медициналық қызметкерлерге зор алғыс сезiмiмдi бiлдiремiн. Денсаулық сақтау саласына бүгiнде ерекше көңiл бөлiнуде. Бiрiншi кезекте — бұл жаңа денсаулық сақтау нысандарын салу мен қалпына келтiру жұмыстары. 2020 жылы Көкшетау қаласында 150 орындық онкологиялық емхана, сондай-ақ, Степной және Софиевка селоларында дәрiгерлiк амбулатория, Қосшыда 630 орындық емхана салынбақшы. «Ауыл — ел бесiгi» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламаларының шеңберiнде көптеген аудандарда денсаулық сақтау нысандары жаңғыртылуда.

Соңғы үш жылдың iшiнде денсаулық саласының материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайтылып, облыстың денсаулық сақтау мекемелерiне 5,1 миллиард теңге қаржы бағытталды, оның iшiнде биылғы жылы 216 дана медициналық құрал-жабдық сатып алу үшiн 1,7 миллиард теңге бөлiндi. Сонымен бiрге, коронавирус жұқпасына қарсы күреске жергiлiктi атқарушы органның төтенше жағдай резервiнен 365 дана медициналық құрылғы сатып алу үшiн 563 миллион теңге қаржы бөлiнiп отыр.

Жыл сайын медицина қызметкерлерiнiң еңбекақысы өсiп келедi, айталық 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап дәрiгерлердiң орташа айлық жалақысы 30 пайызға өстi. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында облыс орталығындағы Сарыарқа шағын ауданында дәрiгерлерге арналған 40 пәтерлiк тұрғын үйдiң құрылысы жоспарлануда. Денсаулық сақтау саласы ардагерлерiне арнайы алғыс сөзiмдi жолдаймын. Сiздер — отандық медицина саласының негiзiн қалаушыларсыздар, Ақмола облысының денсаулық сақтау саласын дамытуға орасан зор үлестерiңiздi қостыңыздар және әлi де қосып келесiздер. Сiздер негiзiн салған тамаша дәстүрлер тәжiрибе мен осы заманғы бiлiмге ұштастырыла отырып, бiздiң аймақтың алдында тұрған үлкен мiндеттердi шешуге елеулi ықпалын тигiзiп отыр.

Барлық медициналық қызметкерлерге зор құрметiмдi бiлдiре отырып, сiздердiң ауыр да жауапты еңбектерiңiз, өздерiңiз таңдаған мамандықтарыңызға деген адалдықтарыңыз, әрбiр ақмолалықтардың өмiрiне қосып келе жатқан баға жеткiзгiсiз үлестерiңiз үшiн зор алғысымды бiлдiремiн.

Сiздердiң жеке бастарыңызға және жақындарыңызға зор денсаулық, береке-бақыт, кәсiби табыстар және бiздiң елiмiз — Қазақстан Республикасының одан әрi гүлденуi үшiн жаңа жетiстiктер тiлеймiн!

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр