Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында отбасы бес жасар баланы аш-жалаңаш байлауда ұстаған

Көкшетауда отбасы 5 жасар баланы аш күйінде байлап ұстаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

5 жасар балаға қатысты жасалған зорлық-зомбылық фактісі туралы "Не молчи" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі хабарлады.

"Бала екі жыл бойы әкесі және онымен бірге тұратын әйелден қорлық көрген. Анасы қамауда.  Баланы жынды адамдарды көндіктіру үшін кигізетін арнаулы киіммен байлап, бөлмеде бір өзін жалғыз қамап қойған. Басқа балалармен байланысуға рұқсат етпеген. Олардың отбасында тоғыз адам бар. Дұрыс тамақтанбаған бала түрлі ауруға ұшыраған. Ағзаның сусыздануы, бауыр циррозы, рахит деген секілді", – деп жазды Дина Таңсәрі Instagram-да.

 

Көкшетау қалалық полиция бөліміне облыс орталығының тұрғыны хабарласып, 2017 жылғы баласын байлап, аш қалдыратын туысының үстінен шағым түсірген.

Тексеру барысында 37 жастағы Көкшетау тұрғынының бірінші некесінен кәмелетке толмаған 3 баласы және екінші некесінен кәмелетке толмаған 4 баласы бар екені анықталды. Қазір ол екінші әйелімен тұрады.

Учаскелік полиция инспекторы мен жауапты мекеме өкілдері аталған мекенжайға барып, баланың расымен әлсіреп кеткенін көрген. Ата-анасы баланың денсаулығына шағымданып, медициналық көмекке жүгінбеген.

Бұл отбасына педиатр жіберілді, тексеруден кейін бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылған.

"Көкшетау қалалық ішкі істер басқармасы қорғаншылық және қамқоршылық органына сот-медициналық сараптама жүргізу қажеттілігі туралы ақпарат жолдады. Қазіргі уақытта тексеру жүріп жатыр. Балаға сараптама тағайындалды, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады", – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.

Айнұр Мұхади
Жұма, 18 Қараша, 2022 15:00