Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әке-шешемнің қасына келдім, енді жүрегім ауырмайды деген еді": Жанар Хамитованың жеңгесі қазаның қалай болғанын айтты

Қарқаралы жұрты бүгін Жанар Хамитованы ақтық сапарға шығарып салды. Әншімен қоштасуға алыс-жақын ағайынынан бөлек, бейтаныс жұрт ат терлетіп барды. Жерлеу рәсімімен соң Жанардың жеңгесі оның қазасы туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.

"Мен Жанардың жеңгесі болам. Жанарды туғаннан бастап өсірген едік. Қырқынан шығарғанша жуындырып, қарайласқан едім. Бала күнінен зерек болды. Әнші болды. Әлемге танылған әнші болам дейтін. Super Star жобасына қатысқанда бүкіл Қарқаралы болып дауыс бердік. Жеңіске жеткенін тіледік. Бәріне өз күшімен жетті. Басынан небір қиын кезеңдер өтті. Күйзелісте жүрді. Балаларын жақсы көретін еді. Мен де анамын деп жылайтын. Туған-туыстарына жаны ашып тұратын. Әкесі он ағайынды еді. Өзі кенжесінің баласы. Соңғы рет жүрегінің ауырып тұрғанын айтты. Балаларын уайымдады. Дәрігерге қаралудан бас тартты. "Әке-шешемнің қасына келдім. Енді ауырмаймын" деген еді. Оны бауырыма басып, бетінен сүйдім. Мен солай қоштасқан екенмін. Оны көрмейтінімді білген жоқпын", - дейді жеңгесі Сания Хамитова. 

Сания Хамитованың айтуынша, әнші жүрегі ауырып қайтыс болған. Әке-шешесі ойда-жоқта қызынан айырылды. Қаза 5-10 минуттың ішінде өтіпті. 

"Ешкім ойлаған жоқ. Жанардан айырыламыз деп ойлаған жоқпыз. Артынан аңдып жүретінбіз", - деп еске алды.

Әншінің жеңгесінің айтуынша, әншінің жерлеуіне өнер жұлдыздары келді. Оның ішінде Сиви Махмұди, Меруерт Түсіпбаева, Ринат Мальцагов, Әбу Кай бар.

Одан бөлек Қарқаралы жұрты көңіл айтып келіп жатыр. Ғаламтор бетінде де көпшілік қара жамылған отбасыға сабыр тілеп, қайырлы болсын десіп жатыр. 

Талқылау