Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Уақытша баспана, кәсіби дәрістер беріледі: Қазақстанда отбасыларды қалай қолдайды

Соңғы жылдары елімізде Аналар мен Әкелер күні ерекше аталып жүр. Мереке арнайы қаулыға сай бекітіліп те қойған. Бұл мемлекет ұйымдастырған шарлардың бірегейі ғана. Ал одан бөлек, әке болу жауапкершілігін үйрететін дәрістер мен аналарға арналған тренингтер, балалары бар әйелдерге уақытша баспана ұсыну жобалары жөнінде естіп пе едіңіз? Stan.kz ақпарат агенттігі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Баймульдиновтен елімізде жанұялардың беріктігін нығайту жолында қандай шаралар жасалып жатқанын сұрап көрді. 

Отан отбасыдан басталады деп шаңырақтың биіктігін әркез қасиет тұтқан елімізде жанұяның құндылығы бірінші орында. Бұл тұрғыдан мемлекет өз іргетасы болып құралған отбасы саясатын жүргізуде көптеген шаралар ұйымдастыруда. 

Әкенің рөлі мен әке болу жауапкершілігіне арналған дәрістер

Қайрат Баймульдинов өткен жылдың өзінде елімізде отбасы құндылықтарын насихаттайтын 48 ауқымды шара ұйымдастырылғанын атап өтті.

“Олардың ішіндегі бірегейі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен өткен 2022 жылғы Алматы қаласында "Shezhire" I Республикалық жас отбасылар форумы, "Жастар арасында отбасылық құндылықтарды нығайту жөніндегі іс-шараларды институционалдандыру" жобасы. Бұл жоба аясында білім беру ұйымдарында саналы ата-ана, әке болу мәселелері бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде дәрістер мен семинарлар өткізілді. Ал республикалық “Мерейлі отбасы” байқауы ерекше жанұяларды көпшілікке үлгі етеді. Одан бөлек, отбасылық жылулықты сақтап некеде кездесетін түрлі мәселелрді шешу бойынша да кәсіби мамандардың қатысуымен түрлі семинарлар ұйымдастырылуда”, – деді маман.

Отбасында балаға демеу болар асқар тау әке болып, үлгі көрсету кімге болмасын жауапты міндет. Ал мемлекеттің әкенің рөлі мен әке болу жауапкершілігіне арналған дәрістері туралы кейбірі естімеген болуы мүмкін. Қайрат Баймульдинов осы тұста бізде әкелерге арналған түрлі форумдардың өткізілетінін айтып, оған еліміздің барлық аймақтарынан қатысушылар жинала алатынын алға тартты.

“Бұдан басқа, арнайы қаулыға сәйкес Аналар күні мен Әкелер күні бекітілді. Қазақстанда алғаш рет кең ауқымда Әкелер күні аталып өтілді. Бұл шаралар халықты ақпараттандыруға, әке мен баланың қарым- қатынасын дамытуға, әке болудың өзекті мәселелерін талқылауға бағытталған”, – деді маман.

Елімізде ҮЕҰ, ата-аналар бірлестіктері, "Әкелер одағы" РҚБ, "Ерекше балалардың ата-аналар одағы", ҚХА жанындағы аналар кеңесі тұрақты түрде жұмыс істейді.

Балалары бар әйелдерге уақытша баспана ұсыну жұмыстары

Комитет басшысы соңғы 4 жылда Қазақстанда ажырасулар санының төмендегенін алға тартты. Егер, 2019 жылы бұл көрсеткіш 59 796 бірлікті құраса, 2022 жылы көрсеткіш 44 517 бірлікке дейін азайған. 

“Осы мәселелерді шешу мақсатында Ұлттық және халықаралық сарапшылармен кездесулер өткізілді. "Бақытты отбасы" жобасы бойынша қазіргі таңда отбасылық жанжалдарды шешу және ажырасу рәсімінің жағымсыз салдарын жою үшін отбасын қолдау орталықтары ерлі-зайыптыларға психолог, заңгер және әлеуметтік қызметкерлердің қатысуымен кеңестер өткізеді”, – деп қосты Қайрат Баймульдинов .

Маман бүгінде министрліктің дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессорлармен жұмыс жөніндегі іс-шаралар кешенін жүзеге асырып жатқанын тілге тиек етті. Гранттық жоба шеңберінде түрлі мамандар тартылып, онлайн тренингтер өткізілетінін қоса кетті. 

“Енді отбасылық жанжалдарды шешу және балалары бар әйелдерге уақытша баспана ұсыну бойынша Отбасын қолдау орталықтарын құру жұмыстары жүргізілуде. Отбасын қолдау орталықтары азаматтардың жекелеген санаттарына (көп балалы, мүгедек адамдарға, толық емес және аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға) "бір терезе" қағидаты бойынша консультациялық қызметтер кешенін ұсынады. Психологиялық, әлеуметтік және заң көмегін, сондай-ақ отбасы институтын нығайтуға бағытталған жан-жақты қолдау көрсетеді”, – деп қосты маман.

Елімізде бүгінде қиын жағдайға түскендер үшін 63 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Оның 51-і панажай (1075 төсек-орын), 14-і мемлекеттік, ал 49-ы жекеменшік. Ал Маңғыстау облысында 20 төсек-орны бар тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған бөлімше жұмыс істейді.

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 30 Маусым, 2023 13:48