Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Африкадан ат арылтып келген қара домалақтар тойдың жұлдызына айналды

Бүгінде тойды табыс көзіне айналдырған қазақстандық шоу-бизнес өкілдерінен қарағанда, Конгодан келген қара домалақтар халықтың сұранысына ие. Бұл сөзімізге қазақтың тойында қазақша ән шырқап, өнер көрсетіп жүрген “Килиманджаро” тобы дәлел, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеме жасап. 

Аталмыш топтың жігіттерінің бос уақыты жоқ. Күнде жиын, күнде той. Қазақтың дүбірлі тойларында өнер көрстіп жүрген олардың гонорары – жарты миллион теңге. 

Астанадағы бір тойға бас сұққаны 500 мың теңге. Басқа қалаға ұшақтың барып-келу билетін, бес жұлдызды қонақүйден бөлек екі жарым мың доллар сұрайды. “Килиманджаролық” жігіттер Конгода қазақ асханасын ашуды армандайды. Айтуынша, Қазақстан мен Конгоның ұқсас тұстары да бар.

“Конгода жылқы етін жемек түгілі, не екенін де білмейді. Оларға қазақтың қымызы мен қазысын көрсеткім келеді. Дәмі тіл үйіреді. Біз Қазақстандағы тойда ет жеп, қымыз ішеміз. Конго мен Қазақстан ұқсайды. Ол жақта да 1000-1500 адамға дейін той жасайды. Бірақ тілек айтпайды. Асаба бастайды, ары қарай тамақ пен би кетеді. Бізде де тойдың соңында әулеттің үлкені бата береді. Қазақтар сияқты көп ет жемейді. Негізінен көкөністер. Бізде әр рудың ұлттық тағамы бар. Айтпақшы, біз де қазақтар сияқты руға бөлінеміз”, – дейді топ мүшесі Серж.

Тойға үнемі шығып жүрген олар қазақтардың жыл мезгіліне қарамастан той жасайтынын айтады. Қазірдің өзінде аптасына 4-5 рет тойға баратын көрінеді. Ал жаз айларында мүлде бос уақыт болмайды. 

Қазақстандық асабалар қара домалақтардың жеңіл әндерін айтып, бір тойдан қомақты ақша алып кететініне күйінеді.

“6 сағат аяқтан тік тұрып қызмет еткенде біз ондай ақша алмаймыз. Олар болса ауыз жыбырлатып, жарты сағатта жарты миллион теңге алып кетеді. Қара домалақтар залға кіріп келгенде, ондағы адамдардың реакциясы мүлде басқаша. Қазақтың қыз-келіншектері жолдастары үстел басында отырса да, африкалықтардың терін сүртіп, бірге суретке түсіп жүрегенде ішің ашиды”, – дейді асаба Нәзір Сүлейен.

Шетелдік өнерпаздар қазақ тілінде еркін сөйлеп, тіпті Абайдың қара сөздері мен әндерін жатқа айтады. “Айналайын, туған жер” деп ән шырқаған Абдулфатай Абдулкерімнің Қазақстанға келіп, тойдан табыс табуына өз еліндегі қымбатшылық себеп болған. 

“Бұрын бізде де азық-түлік арзан болған. Қазір қымбаттап кетті. Қымбатшылық бүкіл әлемді жаулап алды. Ақша бар, бірақ жетпейді. Нигериядан таныстарымды шақырып жатырмын. Бұйырса, топ құрамын. Африканың әні мен қазақтың тілі керемет үйлеседі. Жақында жаңа бағытта ән шығарамын”, – деп алдағы жоспарларымен бөлісті ол. 

Айым Болатқызы
Жұма, 03 Ақпан, 2023 15:22