Адвокат сотта экс-дипломат Сәкен Мамашты қамаудан босатуды сұрады
Фото: Stan.kz
Бұрынғы дипломат Сәкен Мамаштың адвокаты Бейбітжан Сайлауұлы Мамашты қамаудан босатуды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот отырысында сотталушының адвокаты қорғауындағы Сәкен Мамашқа қатысты бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрап, өтініш білдірді.
"2024 жылғы 10 мамырдағы сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Мамашқа қатысты келуге міндеттеу түріндегі процессуалдық мәжбүрлеу шарасы таңдалды. Менің қорғауымдағы адам сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында бұл процессуалдық мәжбүрлеу шарасын бұзған жоқ: ол сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына келіп жүрді, жасырынуға әрекеттенген жоқ. Сонымен қатар сотқа дейінгі тергеу органы Мамаштың Қазақстан аумағынан шығып кетпек болғаны туралы сенімді дәлелдер келтірген жоқ", – деді сотталушының адвокаты Бейбітжан Сайлауұлы.
Адвокат қамауда ұстауды неғұрлым жеңіл бұлтартпау шарасына ауыстыруды сұрады. Оның сөзінше, Сәкен Мамашты қамауда ұстауға негіз жоқ.
"Қамау түріндегі бұлтартпау шарасы ерекше жағдайларда таңдалады. Сондықтан қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес, неғұрлым жеңіл түрдегі бұлтартпау шарасына өзгертуді сұраймын", – деп түсіндірді ол.
Айыпталушы экс-дипломат та судьядан жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
Прокурор Жәңгір Сәдуақас бұл өтінішке қарсылық білдірді. Зардап шеккен тараптың өкілі Әділов айыптаушы тараптың ұстанымын қолдады. Ол таңдалған бұлтартпау шарасы әлі өзекті екенін алға тартты. Жәбірленуші тараптың өкілі Әділов айыптаушы тараптың ұстанымын қолдады.
"Қазір бұлтартпау шарасын өзгертуге негіз жоқ, бұрын қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған негіздер әлі де жойылған жоқ. Сонымен қатар бұрын таңдалған бұлтартпау шарасының бұзылмағаны қамауға алу түріндегі жаңадан таңдалған бұлтартпау шарасын өзгертуге негіз болып саналмайды. Осы негізде өтінішті қанағаттандырудан бас тартуды сұраймыз", – деді ол.
Судья Артур Абдыханов бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдырды.
"Сот арызды қанағаттандыруға болатын негіздерді анықтаған жоқ, бұлтартпау шарасы қанағаттандырусыз қалдырылады", – деді ол.
Келесі сот 20 маусымда өтеді.
Еске салсақ, 10 маусымда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы дипломат Сәкен Мамашқа қатысты қинау бабымен қылмыстық іс қарала бастады.
2024 жылғы мамырда Карина Мамаш (қазіргі тегі Госман – ред.) күйеуі Сәкен Мамаштан 10 жылдан бері физикалық және жыныстық зорлық-зомбылық көріп келгенін айтып видеоүндеу жариялаған. Ол кезде Мамаш Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан елшісінің кеңесшісі қызметін атқарып жүрген. Астана полициясы оның үстінен қылмыстық іс қозғады. Кейін Сыртқы істер министрлігі Мамашты Қазақстанға шұғыл түрде шақыртып алды.
Сол жылы қазанда ерлі-зайыптының ажырасқаны белгілі болды. Кейін Карина Мамаш Госман тегіне өткен.
Биыл 4 сәуірде Сәкен Мамаш бұрынғы әйелін ұрып-соғу фактісі бойынша қамауға алынды.

"Мүгедектер мен аурулар саны артып келеді": Бір аптадан бері түтінге тұншығып отырған атыраулықтар дабыл қақты
