Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әділетті қоғам құрамыз деп сенемін": Мемлекет басшысы қазақстандықтарға жүгінді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарды Алғыс айту күнімен құттықтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Құрметті отандастар!

Сіздерді Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Елбасы 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында жариялаған осы айтулы мерекенің мәні терең, маңызы ерекше", - деді президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, бұл күні халқымыздың бір-біріне өзара қамқорлығы, мызғымас береке-бірлігі мен ынтымағы кеңінен дәріптеледі.

"Біз осы құндылықтардың арқасында мемлекеттігімізді жаңғыртып, түрлі сын-қатерден сүрінбей өттік. Қазір Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық белесін әлеуметтік-экономикалық саладағы және халықаралық деңгейдегі толағай табыстармен қарсы алғалы отырмыз.

Бүгінде азаматтарымыз егемен елімізді дамытуға, қастерлі қазақ жеріндегі бейбітшілікті, татулық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосуда", - деп атап өтті ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға Отанымыздың өркендеуі жолында сіңірген жасампаз еңбектеріңіз үшін алғыс айтты.

"Біз біртұтас және еңбекқор ұлт болсақ, көздеген мақсаттарымызға жетеміз. Бәріміз бірге әділетті қоғам құрып, мемлекеттілігімізді орнықтыра түсеміз деп сенемін.

Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және мол игілік тілеймін!",- деді президент.

Талқылау