Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Адамдардың қиналғанын көру оңай емес": Қазақстандық құтқарушылар Түркиядағы жұмыстары туралы айтты

Түркиядағы зілзаладан қираған үйінділерді аршумен айналысқан құтқарушылар өз тәжірибелеріндегі ең ауыр іссапар туралы айтып берді. Оларға үйінді астынан өлі табылғандардың туыстарының көзіне тіке қарау тым қиын болыпты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Қазір Түркия мен Сириядағы жерсілкінісінен қаза тапқандар саны 47 мыңға таяп қалды.

Қарағандылық құтқарушылар Түркияның Нұрдағы қаласында 12 күн болды. Осы аралықта атқарылған жұмысты әр күнге бөлу қиын дейді. Өйткені арасында ғана қалғып кетіп, көз шырымын алғандарға 12 тәулік бір күндей өткен.

Алты қабатты үйдің үйіндісі астынан анасы мен қызын құтқару сәті есте қалыпты. Үйдің жертөлесінде 93 сағат бойы тапжылмай отырған оларға арнайы ұңғыма жасап жеткенде, олар ең алдымен су сұрапты. Іздестіру жұмысы күні-түні тоқтаусыз жүрген. Ал құтқарушылармен бірге жұмыс істеген екі иісшіл ит көбіне өлі дене табуға көмектескен. Ауыр жағдайға психологиялық тұрғыдан қанша даяр болсақ та, қара жамылғандарды көріп, ет жүрегіміз елжіреді дейді құтқарушылар. 

“Робот емеспіз, әрине, қиын болды. Адамдардың қиналғанын көру оңай емес. Олар бізге үмітпен қарап, мыналар біздің туыстарымызды тірі табады деген оймен жалтақтайды. Мысалы, ағасының денесін тапқан кезде балалардың жылауы мен үшін қиынға соқты. Қарап тұрсаңыздар, әкесі емес, ағасы. Бірақ сонда да балалардың жүрегі ауырып, көздеріне жас алып тұрды”, –дейді Қарағанды облысы апат медицинасы орталығының дәрігері Алмагүл Ардабекова.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 21 Ақпан, 2023 20:10