Абай облысы Бородулиха ауданында спорттық сауықтыру орталығы мен екі мәдени нысан ашылды

Бүгін республикалық "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында Бородулиха ауданының Камышенка елді мекенінде ауылдық клуб ашылды.
Камышенка ауылы — тірек елді мекен. Мұнда бүгінде 957 адам тұрады. Жаңа клуб ауыл тұрғындары үшін маңызды мәдени-әлеуметтік орталыққа айналмақ. 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Клубта балалар мен жасөспірімдерге арналған шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ үйірмелері, домбыра және музыкалық аспапта ойнауды үйрету үйірмелері жұмысын бастайды.
Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Берік Уәли нысанның елді мекен үшін маңызы зор екенін атап өтті.
"Бұл ауылда соңғы рет 1985 жылы жаңа ғимарат ретінде мектеп салынған екен. Содан бері бой көтерген тұңғыш ғимарат осы. Осы жерде жақсы шаралар, концерт, кездесулер ұйымдастырылады деп ойлаймын. Ғимарат құрылысы сапалы, жақсы жүргізілген екен. Құтты болсын!", – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі мәдениет нысанына жаңа музыкалық аппараттың сертификатын табыс етті.
"Балаларымыз бен жастарымыз бос уақытын өткізетін, өнермен, спортпен айналысатын орынның ашылғаны қуантады. Бұл ауылдың рухани өміріне серпін беретін ерекше оқиға. Осы мәдениет үйінің ішінде рухани құндылықтарды дәріптейтін танымдық, тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылады деп сенім артамыз. Мәдениет үйі бізге қайырлы болсын! Осы игі іске бастамашы болған азаматтарға зор алғысымызды білдіреміз", – деді ауыл тұрғыны Дана Шабақпаева.
Сондай-ақ облыс әкімі Новопокровка елді мекенінде салынған 100 орындық ауылдық клубты аралап көрді. Мұнда балаларға арналған шахмат пен дойбы, қолөнер үйірмелерін ашу көзделіп отыр. Ал ересектер үшін "60 жастан асқан азаматтарға арналған қызығушылық клубы" жұмыс істейтін болады.
Жалпы, Бородулиха ауданында 33 мәдениет мекемесі бар. Оның ішінде бір аудандық және алты ауылдық мәдениет үйі, төрт ауылдық клуб, бір аудандық және жиырма бір ауылдық кітапхана бар.

Биыл өңірде бірқатар мәдени нысандар жаңартылды. Абай ауданының Қарауыл ауылындағы Мәдениет үйі, Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхана, Абай атындағы театр және Семей қаласындағы Ф.М.Достоевский атындағы әдеби-мемориалдық мұражайдың шатыры ағымдағы жөндеуден өтті. Республикалық маңызы бар тарихи-сәулет ескерткіші саналатын Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану музейінде күрделі жөндеу жүргізілуде.
2025 жылы аймақтың мәдени инфрақұрылымын дамыту мақсатында республикалық бюджет есебінен жаңа нысандардың құрылысына қаржы бөлінді. Қазіргі таңда "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында Үржар ауданындағы Жоғарғы Егінсу ауылында 100 орындық клубтың, Бесқарағай ауданының Беген, Глуховка және Ерназар ауылдарында, Ақсуат ауданының Көкжыра ауылында Мәдениет үйлерінің құрылысы жүргізілуде.

Сонымен қатар бүгін Бородулиха ауданының Петропавловка ауылында спорттық сауықтыру орталығы ашылды.
Петропавловка ауылы облыс орталығынан 37 шақырым жерде орналасқан. Елді мекенде қазіргі таңда 883 тұрғын тұрады.
Нысан құрылысы 2024 жылы басталып, биыл аяқталды. Ғимараттың жалпы ауданы 864 шаршы метрді құрайды. Бір уақытта 300 адамды қабылдай алады. Аталған орталықтың ашылуы елді-мекен тұрғындарына бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуге мүмкіндік береді.
Орталықта музыкалық, көркемдік, мәдени және спорттық бағыттар бойынша түрлі үйірмелерді ашу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, домбыра, фортепиано және гитара үйрететін музыкалық үйірмелер, мүсіндеу мен сурет салуға арналған көркемдік бағыттағы сабақтар ұйымдастырылады. Сонымен қатар театр үйірмесі жұмыс істеп, тұрғындардың шығармашылық қабілетін дамытады. Зияткерлік дамуға бағытталған дойбы, шахмат және тоғызқұмалақ ойындары бойынша үйірмелер ашу көзделген. Ақпараттық технологиялар саласына қызығушылық танытатындар үшін IT үйірмесі жұмыс істейді. Бұдан бөлек волейбол, баскетбол, футбол, фитнес және басқа да спорт түрлері бойынша спорттық секциялар ұйымдастыру көзделген.

Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Берік Уәли ауыл тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтап, нысанның елді мекен үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Ауыл тұрғындары спорт және демалыс орталығының ашылуын ыстық ықыласпен қабылдады. Өйткені, Петропавловка ауылында 2000 жылдан бері мәдениет пен спортқа арналған мекеме болмаған.
"Ауылымызда осындай заманауи нысанның салынғанына қуаныштымыз. Жастар мен балалар осы жерге келіп, жаттығатын болады. Мұнда халық спортпен тұрақты айналысып, бос уақытын пайдалы өткізе алады. Осындай қолдаудың арқасында ауылымыздан талай жас чемпиондар шығады деп сенемін. Тұрғындар атынан осы іске үлес қосқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін", – деді ауыл тұрғыны Шафқат Исмурзин.
Жаңа үйленсе де өзге қыздарға жазады: Қазақстандық психолог неліктен ерлердің опасыздыққа баратынын айтты