8 адам зардап шекті: Талдықорғандағы тұрғын үйде газ баллоны жарылды
Талдықорғандағы тұрғын үйде газ баллоны жарылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
ТЖМ баспасөз қызметінінің мәліметінше, оқиға 26 қараша күні кешкі сағат 20:00 шамасында болған. Кезекші пультіне Талдықорған қаласының Еркін ауылы, Қазақстан көшесінің бойындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде шағын газ баллоны (сыйымдылығы 5 литр) жарылды деген хабарлама келіп түсті.
Жарылыс салдарынан 8 адам жарақат алды, оның үшеуі балалар. Олардың барлығы медициналық мекемелерге жеткізілді.
"Алдын ала болжам бойынша, тұрмыстық газ баллонын жылыту үшін пештің жанына қоюы жарылысқа себеп болған", - делінген ведомствоның таратқан хабарламасында.
Оқиға орнында Алматы облысы ТЖД 28 қызметкері, 8 техникасы, 8 жедел жәрдем бригадасы, полиция, газ қызметі және жергілікті атқарушы орган өкілдері жұмыс істеді. Сондай-ақ зардап шеккендердің туыстарына психологиялық көмек көрсету үшін Алматы облысы ТЖД-ның екі психолог маманы жұмылдырылды.
"Алматы облысы ТЖД азаматтардан газ баллондарын пайдалану және қолдану кезінде сақтық шараларын қатаң сақтауды сұрайды", - деп толықтырды ведомствода.