Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

714 миллиард теңгелік ЖЭС салынады: Абай облысының әкімі Тоқаевқа есеп берді

Тоқаев пен Берік Уәли
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Берік Уәлиді қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президентке Абай облысының 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және биылғы төрт айдағы көрсеткіштері туралы есеп берілді.
Берік Уәли өткен жылы өңірлік жалпы өнім көлемі 3,9 триллион теңгеге жеткенін айтты.

“Биыл қаңтар-сәуір айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 103,8% болды. Инвестиция көлемі 19,4% өсіп, өнеркәсіп, өңдеу секторы, ауыл шаруашылығы, құрылыс және көлік салаларында оң динамика сақталды”, – делінген хабарламада.

Әкім инвестиция тарту бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.

Былтырдан бастап жалпы инвестициялық пулға кіретін жобалар саны 29-дан 112-ге дейін ұлғайды. Тартылатын инвестиция көлемі 2,2 триллион теңгеден 4,4 триллион теңгеге дейін артты.

Ірі инвестициялық жобалар қатарында құны 577,5 миллиард теңге “Аягөз – Бақты" теміржол желісінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Семей қаласында құны 714 миллиард теңге жаңа жылу электр орталығы мен жалпы инвестиция көлемі 255 миллиард теңге  тау-кен байыту комбинатын салу жобалары жүзеге асырылып жатыр.

Сондай-а аймақта жалпы құны 400 миллиард теңге өндірістік жобаларды іске асыру және 2500 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Үш ірі жоба бойынша ұсыныс келіп түсті.

Алакөл туристік аймағын дамыту барысы туралы ақпарат берді.

Биыл жағалау инфрақұрылымын жаңғыртуға 15,4 миллиард теңге бөлінген. Соның ішінде электр желілерін тарту және Үржар әуежайының терминалын реконструкциялау үшін Арнаулы мемлекеттік қордан 11,6 миллиард теңге қарастырылған.

Өңірдегі инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытында қолға алынған жобаларды таныстырды.

“Атап айтқанда, сумен жабдықтау, кәріз және жылу желілерін жаңарту, Семей қаласындағы жаңа көпір құрылысын аяқтау, тұрғын үй құрылысы мен жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары баяндалды. Мемлекет басшысы өңірге инвестиция тарту жұмыстарын күшейту, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, "Абайға құрмет" акциясын лайықты деңгейде жүзеге асыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді”, – деп мәлімдеді Ақорда.
Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 09 Маусым, 2026 15:37