Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"52 миллион 500 мың теңге": Актер Ерлан Біләл айыппұлдан қалай құтылғанын айтты

Пара алды деп айыпталған М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бұрынғы директоры Ерлан Біләл El.kz ақпарат агенттігінің YouTube-тегі “Базарlike” бағдарламасында сот шешімімен ірі көлемде айыппұл төлегенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Сот шешімімен 52 миллион 500 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Ондай ақша қайдан бізде? Көшеде келе жатсам үйімнің есігінң алдында  қара құрым ел. Ол да халықтың маған деген құрмет, сүйіспеншілігі ғой деп түсіндім. Тіпті зейнеткерлердің өзі 30, 50, 100, 150 мың теңгеден берді, көп адамның ішінде танитыным бар, танымайтыным бар. Соның ішінде үлкен айтулы, жағдайы келетін азаматтар да бар. Сол адамдардың жәрдемі арқылы құтылдым. Одан қалды қолымдағы барды саттым. Көлігімді саттым, туған-туыс, бауырлар өздерінің тұрып жатқан үйлеріне дейін сатуға қойды. Ел-жұрттың көмек, жәрдемін жиыстырып, 2-3 айға создырып жүріп төледім. Қазір аз-маз қарызым бар. Мұндай көлемдегі ақша оңай емес. Менің өңім түгіл түсіме де кірмеген қаражат”, – дейді Ерлан Біләл.

Актер сот отырысында атақтарынан да айырылып қала жаздағанын айтты.

“Сотта атақтарымнан айыру туралы шешімді де қарастырған болатын. Бірақ соттың шешімімен қалдырды. Шығармашылығына байланысты деген болуы керек. Шынымен солай ғой?!” – дейді өнер иесі.

Айта кетейік, 5 қаңтарда ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры басшысы Ерлан Біләл 1,5 миллион теңге парамен ұсталғаны белгілі болды. Кінәсін толық мойындауына байланысты Ерлан Біләл қамауға алынбады. Осыдан кейін 9 қаңтарда Әуезов театры директоры міндетін атқарушы тағайындалған. Ал 17 қаңтарда Ерлан Біләлдің ісі сотқа түскен еді.  

ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрын 2015 жылдың 27 сәуірінен бері басқарып келген.

Талқылау