Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"50 мың қол жинауы керек": Қазақстанда енді ғаламтордағы петициялар үкімет деңгейінде қаралады

Қазақстанда алдағы уақытта интернетте жарияланатын онлайн петициялардың заңдық күші болады. Ал бұл мәселе Үкімет деңгейінде шешілуі үшін кемінде 50 мың қол жиналу керек. Бұл туралы "Қоғамдық бақылау туралы" заңда айтылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

петиция
Азаматтар өз қалауын жеткізу үшін петицияға арналған ресми сайт ашылады. Ақпарат министрлігінің мәліметінше мұнда қолтаңба санын арттырып не кемітуге болмайды, барлығы қатаң қадағаланады. Басты талап – петиция ашылған күннен бастап 20 жұмыс күнінде кемі 150 азамат қол қою керек.

Бұған дейін петициялар Egov.Press платформасына жиналатын. Бірақ заңдық күші болмайтын. Енді жаңа өзгерістерге сәйкес үндеуді қарау барысында мемлекеттік орган петиция авторын шақырады. Арнайы жеке комиссия құрылып мәселе талқыға түседі. 

“Қоғам тарапынан әр түрлі талаптар түсті. Әр түрлі тақырыптар бойынша, олар кейде қараусыз қалады. Ал бұл соны рәсімдеп отыр. Бұған жауап беру міндетті. Онлайн айтылып кетті, интернет жоқ жерлерде қазір қарастырылып отыр. Өтініш беру жағдайларының барлығын біз жеңілдетуге тырысамыз”, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Еңбек дауларын бейбіт түрде шешу үшін заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Мәселен, жалақы мөлшері көңіліңізден шықпаса немесе еңбек шарты бұзылса, басшыңызға ескерту ретінде бір сағаттық ереуілге шыға аласыз. Алайда алпыс минуттан кейін қызметкерлер тарауы қажет. Сондай-ақ депуттаттар өзекті мәселелерді ортаға салғанда ауыл халқының үнемі тыс қалатынын айтты. Себебі шалғай аймақта интернеттің жылдамдығы нашар. Енді онлайн петицияларға үн қосамын деген ауыл халқыда өз өтініштерін Қазпоштаға, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына немесе тікелей министрлікке жібере алады. 

“Шынын айту керек, 5-10 жылда интернет толық қалыптасады дегенге мен сенбеймін. Өйткені шалғай ауылдар бар таудың ішіндегі. Ол жақта вышка қойғанның өзінде интернет әкелу мүмкін емес. Сондықтан осы мәселені қайтадан пысықтау қажет”, – дейді Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров. 

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі петицияға қол қойған қазақстандықтардың қудаланбайтынын айтты. Олардың жеке дерегі заңмен қорғалады. Ал жауапты орган өкілдері интернетте алты ай бойы қол жинаған петицияға ғана құлақ асады. 

Талқылау