Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

34 педагог: Ақтөбеде Димаш оқыған колледж бен мектептерде мұғалімдер жалған дипломмен жұмыс істеп келген

Жалған ұстаздан оқып жүр, талай қазақ баласы! Ақтөбедегі мектептер мен колледждердің өзінде жалған педагогтар жұмыс істеп келген! Дәлірек айтқанда, олардың дипломы жалған.

34 педагог: Ақтөбеде Димаш оқыған колледж бен мектептерде мұғалімдер жалған дипломмен жұмыс істеп келген

Білім саласындағы біраз былықты прокурорлар осылайша, әшкерелеп берді. Өтірік дипломмен ұсталғандар арасында әйгілі әнші Димаш Құдайберген білім алған музыка колледжінің ұстаздары да бар. Білімді саудаға салған кімдер? Дипломның қара базардағы құны қанша тұрады? Жалған дипломды жасайтындарды қандай жаза күтіп тұр? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Прокурорлардың назарына іліккені 34 педагог. Олардың арасында қала мектептерінің 11 мұғалімі, мектепке дейінгі мекемелердің 13 маманы және колледжердің 7 оқытушысы бар. Тағы 3 адам өзге білім беру мекемелерінде жұмыс істейді екен. Бәрінің де мамандығына сай жоғары оқу орнын бітірді деп алған дипломдары өтірік болып шыққан.

«Алған дипломдары расталмаған 34 педагог жұмыс жасайтынын көрсетті. 5 оқытушы фортепиано мамандығы бойынша жоғары білім беру дипломы бар негізінде музыкалық колледжде еңбек етеді. Алайда Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің мәліметіне сәйкес, аталған пән бойынша мамандарды оқытып шығармайды», - деді Ақтөбе қаласы Алматы ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Есет Әзімов. 

Димаш Құдайбергендей түлегімен мақтанатын бұл колледждің мәртебесін ұстаздары түсірді. Колледждің атағына кір келтірген 5 оқытушы да жұмыстан шығарылыпты. Алайда оқу орнының директоры олардың бәрінің базалық білімі болғанын, әрі шетінен тәжірибелі ұстаздар екенін айтады. Арасында тіпті 30 жылдан бері шәкірт тәрбиелегендері де бар екен.

«Естігеннен кейін келесі күні шақырып алдық та, шығарып жібердік бәрін. Жаңа формулировка- несоответствие квалификационным требованиям . Олар оған сай емес, қазір заң талабына сай біздің оқу орнында жұмыс істей алмайды өкінішке қаай. Бұрын істеуге болатын еді», - дейді Жұбанов атындағы музыка колледжінің директоры Аманжол Исмағұлов.

Соңғы 2-3 жылда талап өзгерген. Яғни, музыкалық колледждердің өзінде кәсіби фортепианодан дәріс беру үшін не консерваторияны тәмамдауы тиіс, немесе жоғары білімі болу міндеттелген. Енді 5 бірдей тәжірибелі ұстазы кетіп қалған колледж шарқ ұрып маман іздеп отыр.

«Диплом жалған немесе шынайы еместігін анықтау олардың құзырына жатпайды. Колледж, мектеп болсын, директорлар келген мамандарды сәйкесінше өз пәні бойынша жұмысқа қабылдайды. Нұсқама бойынша, аталған 34 педагогпен анықтау жұмыстары жүріп жатыр», - дейді облыстыұ ілім басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәз Сүлейменова. 

Облыстық білім басқармасындағылар жалған дипломмен жүргендердің дені аймақтағы университетті тәмамдағандарын айтты деп отыр. Алайда құжатты кімнен, қалай алғанын сұрауға құзырымыз жоқ дейді. Дипломды қаншаға сатып алуға болатынын прокурорлар да айта алмады. Тек кез келген жоғары оқу орнының дипломын дайындап берумен айналысатын 19 сайтты анықтап, оларды бұғаттадық деп отыр.

Жалған дипломды алғандар да, оны әзірлеп бергендер де жазасыз қалмайды. Прокурорлар мән-жайды анықтау үшін қылмыстық істің құжаттарын ішкі істер органдарына берген. Егер күдіктілер анықталып, олардың кінәсі дәлелденсе, оларға айыппұл салынады немесе 4 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Талқылау