“300 миллион доллар қарыз, шикізат тапшылығы мен экология”: Qarmet алғашқы жұмыс жылында қандай мәселелерді шешті
2023 жылдың 8 желтоқсанында ArcelorMittal-дың инвесторы Қазақстаннан кеткеннен кейін, оның орнына жаңа отандық инвестор тағайындалды. Осы кезден бастап Qarmet деген жаңа атау алған кәсіпорын алдына үлкен мақсаттар қоя бастады. Дегенмен алдыңғы инвестордан қалған шешілмеген мәселелер де жеткілікті еді. Авариялық цехтар, сыбайлас жемқорлық, қылмыс және өндірістегі құлдырау, экология мәселесін шешуге тура келді. Осындай үлкен тапсырмалар мойнына жүктелген Qarmet-тің алғашқы жұмыс жылы қалай өтті? Олай болса кәсіпорын қызметіне шолу жасайық.

Фото: “Qarmet” Instagram парақшасынан
“300 миллион доллар қарыз, шикізат тапшылығы мен жоғалған өнімдер”: Жаңа инвесторға шешуге тура келген мәселелер
Деректерге сүйенсек, ArcelorMittal Қазақстаннан кеткен кезде, артында 300 миллион доллар қарызы қалған. Сатып алынған 70 мың тонна болатты сатып алушыға жеткізу бойынша міндеттемеден бөлек, 46 мың тонна темір қалдықтары жоғалып кеткен. Тіпті шикізат тапшылығынан 5 бірдей көмір шахтасы жұмыс істемей тұрды.
Сонымен қатар, АМТ компаниясы 35 мың қызметкердің қараша айындағы жалақысын және әлеуметтік төлемдеріне жататын 5 миллиард теңгені төлемеген. Бұл қарызды да өзгеде төлемдер сияқты жаңа иесі өтеуге мәжбүр болды.
Бұдан өзге, комбинаттың және оның еншілес кәсіпорындарының аумағында жиілеген ұрлық-қарлық мәселесі де үлкен мәселеге айналды. Компания алғашқы айларда ұйымдасқан қылмыстық топтармен күресу қажеттігін мәлімдеді:
Тергеу материалдары бойынша 60-тан астам қылмыстық іс қозғалып, көп мәселе шұғыл реттеліп отырды.
Президент тапсырмасы: “Qarmet” жағдайды реттей бастады
Тіпті президент Қасым-Жомарт Тоқаев та “ArcelorMittal” бұрынғы инвесторының тек табыс табумен айналысқанын алға тартқан болатын. Ол кәсіпорынды модернизациялау, экология және еңбек қауіпсіздігі мәселелерін елемеген. Осыдан соң мемлекет басшысы жаңа тағайындалған жаңа инвесторға бірқатар тапсырмалар ұсынды.

Фото: “Qarmet” Instagram парақшасынан
"Менің тапсырмам бойынша Қарағанды металлургиялық комбинаты ұлттық инвесторға тапсырылды. Негізгі шарт – кәсіпорынды кешенді модернизациялау жоспары болды. Комбинаттың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және аварияларды болдырмау үшін шахталарды тез арада қалпына келтіру, өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту, материалдық-техникалық базаны жаңарту қажет", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кәсіпорын бүгінде осы тапсырманы жүзеге асыру аясында өндіріске алғаш рет 3,5 миллиард доллардан астам инвестиция салынып жатқанын алға тартты. Бірнеше жобалар:
- коксты батареяларды салу (552 миллион доллар),
- жаңа цинктеу және бояу желісі (239 миллион доллар),
- аглодомен өндірісін қайта құру (300 миллион доллар),
- ыстық прокат цехы (150 миллион доллар) іске асырылмақ.
“Барлық жобалардың басты бағыты – жұмысшылардың қауіпсіздігі. Бұрынғы акционерлердің еңбек қауіпсіздігі талаптарын жүйелі түрде елемеуі салдарынан 10-нан астам қайғылы оқиға болды. Бұдан бөлек, Қарағанды көмір бассейнінің табиғи метан мөлшерінің көптігі де Лакшми Митталдың беделін сақтап қалу үшін себеп бола алмады. Қауіптілігі жоғары жұмыстарға бюджеті шектеулі, тиімді емес тәсілдер қолданылғаны анықталды.
Қазіргі заманғы технологиялар көмір шахталарында талай жыл бұрын жасалғанымен, Қазақстанда алғаш рет шахтерлердің жер астындағы жағдайын бақылау жүйесі 2018 жылы "Қазақстан" шахтасында енгізілген болатын. Кейінірек бұл жүйе Т.Күзембаев атындағы шахтада да қолданылды. Қалған 6 нысан әлі де ескі әдіс - журналға тіркелумен жұмыс істеді”, – деді кәсіпорын.

“Qarmet” көмір департаментіне шамамен 500 миллион доллар инвестиция жұмсайтынын жеткізді. 2024 жылдың соңына дейін америкалық жабдықты шахталарға орналастыру арқылы позициялау жүйесін енгізу жоспарланған. Кәсіпорын мәліметінше, қалған төрт шахтада жүйе 2025 жылы орнатылады. Цифрландыруға шамамен 27 миллион доллар инвестиция салынбақ.
“2024 жылдың шілде айында компания алғаш рет шахталар бойынша аналитикалық деректерді біріктіретін жаңа Орталық диспетчерлік жүйені іске қосты. Процестерді цифрландыру газ, өрт жүйелері және басқа да датчиктерді бақылауды қамтамасыз етеді. Өнеркәсіпте жаңалық ретінде бейнеқоңырауларды қолдайтын радиобайланыс жүйесі енгізілді. Шахтерлерді 800 метр тереңдікте жұмыс істей алатын alarmphone смартфондарымен жабдықталды.
Мұнай саласынан алынған бұрғылау технологиясы метан газын 50%-ға дейін төмендетуге оң әсер етті. 2024 жылдың соңына дейін тереңдігі шамамен 750 метр болатын 10 жаңа ұңғыманы бұрғылау жоспарлануда”, – деп қосты кәсіпорын.
Компания 8 ұңғыма комбайнын сатып алуға 14 миллион доллар мен 2 механизацияланған кешен үшін 76,2 миллион доллар жұмсайтынын жеткізді.
Компания өкілдерінің айтуынша, бұрынғы конвейерлер, өртке тұтанғыш болып келген. Ал бұл адамдар үшін қауіп төндірді. Қазір шахталардағы барлық конвейерлік ленталар ауыстырылды. Бүгінде барлық шахталарда 51 бригада жұмыс істейді. Ал 2023 жылы бұл тек 11 бригада болған.
"Qarmet" өңірдегі экология мәселесіне қандай шешім ұсынды?
Президент сонымен қатар "Qarmet" АҚ акционері Андрей Лаврентьевпен кездесуде Теміртау қаласындағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін жабдықтарды газға ауыстыру шараларын қабылдауды талап еткен болатын.
Компанияның айтуынша, мазутты табиғи газға ауыстыру туралы шешім – бұл тек комбинаттың емес, бүкіл елдің ең ірі экологиялық бастамасы. Жобаның алғашқы кезеңінде цехтарды қосу арқылы қоршаған ортаға әсер 30%-ға дейін төмендейді.
“2024 жылдың шілде айында газ құбырын салу бойынша жобалау жұмыстары басталған болатын. Кейінірек "Сарыарқа" магистраліне қосылу жоспарланған. Ол комбинаттан 25 шақырым қашықтықта орналасқан. Бірінші кезең 2025 жылы аяқталады. Экологияға оң әсер ететін тағы бір жоба – Теміртау қаласында трамвай қатынасын қалпына келтіру. Qarmet компаниясы қалада 8 жаңа трамвай вагонын сатып алып, 30 км трамвай жолын қайта қалпына келтірді. Аталған маршрут биыл іске қосылады деп жоспарланған”, – деп қосты компания.

Фото: “Qarmet” Instagram парақшасынан
2024 жылдың қараша айында Qarmet еліміздегі экологиялық мәселелерге белсенді түрде араласа отырып, өндірістік қалдықтарды өңдеу бойынша халықаралық форум ұйымдастырды. Форум экологияны қорғауда инновациялық шешімдер іздеудің алаңына айналды. Компания 750 миллион тонна өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу жобаларын жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, циркулярлық экономика қағидаттарын енгізу жаңа өндірістерді, жұмыс орындарын құруға және еліміздің шикізат импортына тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Компанияның алдағы болашағы қандай болмақ?
Президент Қарағанды облысына сапарында елдегі ең ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың бірі қайта жанданып жатқанын алға тартты. Ол алдағы бес жыл ішінде Qarmet ТМД елдері ішінде металлургия саласындағы жетекші орынға қайта оралу үшін өндірісті едәуір арттыруы керек екенін жеткізді.

Фото: “Qarmet” Instagram парақшасынан
"Мен жақында Қарағанды облысында болып, Qarmet металлургиялық комбинатына бардым. Отандық инвестордың келуімен комбинаттың жағдайы айтарлықтай тұрақталды. Модернизациялау жұмыстары басталды. Бұл өндірісті елеулі түрде арттырады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Компания 2028 жылға қарай жылына 5 миллион тонна болат, 9 миллион тонна көмір және 5 миллион тонна темір кенін өндіруді жоспарлап отыр. Бұл 2023 жылдың көрсеткіштерінен 66%-ға жоғары.
Айта кетейік, таңдалған курс ағымдағы жылдың мамыр айында металлургтерге соңғы 5 жылда өндірістің ең жақсы нәтижесін көрсетуге мүмкіндік берді (бір айда 330 мың тонна болат). Ал 11 айдың қорытындысы бойынша комбинат 3 миллион тоннадан астам болат шығарды. Бұл өткен жылдың фактісінен асып түсті.
“Соңғы екі жылда БАҚ беттерінде талқыланып жатқан қазақстандық компанияның алдағы болашағы қандай болмақ? Әлбетте бұл тек уақыт мәселесі. Сонымен қатар, қазақстандық компаниянның жаңа тарихына қосылуға дайын металлургтер мен кеншілердің жаңа буынын дайындаудың маңыздылығын айқындайды. Qarmet-тің өз бағыты мен міндеттерін айқындауы уақыттың мәселесі болып қала береді”, -деп қорытты компания.
"Жарты жылдан астам уақыттан бері ізімнен қалар емес": Сталкингтің қауіпті белгілері және одан қалай қорғануға болады?