Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"3 айда баға 38%-ға өскен": Қазақстанда алдағы уақытта күріш тапшылығы туындай ма

Қоғам белсенділері Қазақстанда күріш тапшылығы туындауы мүмкін екенін мәлімдеді. Себебі Ресейде күрішке деген сұраныс артқан. Сондықтан отандық өндірушілер өнімдерін шетелге көптеп сатуда. Салдарынан ел ішінде дақылдың қымбаттауына алып келген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

күріш

Үкімет отырысында премьер-министр ауыл шаруашылығы министрінен күрішке байланысты туындаған жағдай туралы сұрады. Өз сөзінде Ербол Қарашөкеев ел ішінде жағдайдың тұрақты екенін мәлімдеді. 

"Сандарға келер болсақ, ішкі нарықты күріш қоры 257 мың тонна. Бұл көлем 2023 жылдың астығын жинағанға дейін жеткілікті болады", – деді Ербол Қарашөкеев. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше бұл өнімнің негізгі сатып алушысы Ресей Федерациясы екен. Көтерме бағасы келісі үшін 362 теңге. 2022 жылы көрші елге 9 тоннадан астам тазартылған, 24 тонна ұсатылған күріш жеткізілген. 

Ауыл шаруашылығы министрлігі елде күріш тапшылығы туындайды деген ақпараттың жалған екенін айтса да, сарапшылар алдымен өнімнің бағасына назар аударуға кеңес береді. 

"Қыркүйекте баға 325 теңге болса, қазір 450 теңге. Бағаның 38%-ға өскенін көріп отырмыз. Күріш сатушылары бағаның әлі де өсуі мүмкін екенін жасырмайды. Сондықтан белгілі бір шектеу немесе квота енгізу керек шығар", – деді "Қазақстан қант, азық-түлік және өңдеу өнеркәсібі ассоциациясының" президенті Айжан Наурызғалиева. 

Елімізде күріш әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына қосылған. Оның жекелей саудадағы құны келісі үшін 489 теңге. 
Үкімет отырысының кулуарында сауда министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда күріш тапшылығына байланысты мәселе туындамайды деп сендірді. 

"Биыл 10 айда бір 76 мың тонна күріш экспорттадық. Бүгінде 250 мың тонна күріш қоры бар, ал ай сайынғы тұтыну 80 мың тонна. Сондықтан ешқандай қатер жоқ", – деді Жұманғарин. 

Талқылау